12 қар, 2018 сағат 17:00

АҚШ-тағы алаяқтық: Қазақстандықтардың келесі сот тыңдалымы 2019 жылдың ақпанында өтеді

АҚШ-та алаяқтық жасады деп айыпталған Қазақстан азаматтары бойынша келесі сот тыңдалымы 2019 жылдың ақпан айында өтеді. Бұл туралы ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Аталған іс бойынша алғашқы сот жазда өткен болатын. Екінші сотқа келер болсақ, тергеушілер түрлі елден келген 20-дан астам адам қатысқан бұл іске  қосымша уақыт сұрады. Сол себепті, келесі сот тыңдалымы 2019 жылдың ақпанына белгіленді», - деп түсіндірді Айбек Смадияров.

Сонымен бірге, ол Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығының көмегімен барлық 3 азаматшаның қамаудан босатылғанын атап өтті.

«Олардың барлығы кепілмен босатылған және қаладан шықпау туралы қолхат жазған», - деп өз сөзін толықтырды Айбек Смадияров.

Айта кетейік, бұған дейін шетелдік БАҚ-та Нью-Йорк қаласында 25 адамнан құралған қылмыстық топтың ұсталғаны жайында жазылды. Ірі алаяқтық әрекеттерге үш Қазақстан азаматының қатысқанын ҚР Сыртқы істер министрлігі растады.

Олар ғаламторда жалған xабарландыруларды орналастырып, көліктерді сатқан. Алайда уақытша фирмалар арқылы алдын ала төлем алғаннан кейін іздерін жасырып отырған. Осылайша, алаяқтар 4,5 млн долларды қолды қылған. Нью-Йорк штатының заңнамасы бойынша қылмыскерлер 20-30 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.