06 ақп, 2025 сағат 11:44

АҚШ-та трансгендерлерге әйелдер арасындағы жарыстарға қатысуға тыйым салынды

Фото: Shutterstock/Fotodom

Тиісті жарлыққа Дональд Трамп қол қойды, деп хабарлайды Ult.kz.

«Бұл жарлықпен әйелдер спортына қарсы соғыс аяқталды», – деп мәлімдеді АҚШ президенті құжатқа қол қою алдында, айналасында ондаған спортшы қыздар болған.


Сонымен қатар, ол 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға қатысты да осындай шешімге қол жеткізуге тырысатынын айтты.

«Әйелдер спорты енді тек әйелдерге арналған болады», – деді Трамп Ақ үйде құжатқа қол қою рәсімінде.


Оның айтуынша, соңғы жылдары АҚШ-та әйелдер арасындағы жарыстарға мыңдаған трансгендер қатысқан. Президент Парижде өткен соңғы Олимпиадада екі боксшының әйелдер жарысына қатысқаны туралы да еске салды. Олар биологиялық тұрғыдан ер адамдар деген күдікке қарамастан, жарысқа жіберілген.

«Соңғы жылдары көптеген оқу орындары мен спорттық қауымдастықтар ер адамдарға әйелдер спортында жарысуға рұқсат берді. Бұл әйелдер мен қыздар үшін қорлық, әділетсіздік және қауіпті. Олардан тең мүмкіндіктерді тартып алып, қатысу және жетістікке жету мүмкіндігін шектейді», – делінген «Ер адамдарды әйелдер спортына кіргізбеу» деп аталатын жарлық мәтінінде.


«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, Трамптың жарлығы Білім беру министрлігіне оқу орындарын ескертуге міндеттейді. Егер олардың әкімшілігі ұл болып туған оқушыларға әйелдермен жарысуға рұқсат берсе, бұл федералдық заңды, яғни білім беру бағдарламалары аясында жыныстық кемсітушілікке тыйым салуды бұзу деп саналады. Мұндай оқу орындарына федералдық қаржыландыру берілмейді.

Сонымен қатар, Дональд Трамп АҚШ аумағында жарыстарға қатысу үшін келген трансгендер спортшыларға виза беруден бас тартатынын айтты.