24 маусымда АҚШ-та 34 700 адамнан коронавирус табылды. Бұл - сәуір айының соңынан бері бір күнде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Бұл коронавирус тестінен өтушілердің күрт артуымен байланысты болғанмен, ресми тұлғалар жағдайға алаңдап отыр. Олардың айтуынша, соңғы бір айдан астам уақыт ішінде науқастар санының азаюы ғана байқалған.
Техас штатының губернаторы адамдарды үйден шықпауға шақырып, штатта "жаппай індет" тарап жатқанын ескертті. Аризона штатының губернаторы адамдарды маска тағуға үндеді. 24 маусымда Калифорния штатында бір тәулік ішінде 7 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды. Ал Флорида штатында бір күнде 5,5 мың адамнан коронавирус анықталды. Бұл соңғы аптағы орташа көрсеткіштен 25 пайызға артық.
АҚШ-та COVID-19 ауруынан 120 мыңнан астам адам қайтыс болған, бұл әлем бойынша коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткішінің төрттен бірін құрайды.
Латын Америкадағы ең ірі ел - Бразилияда да бір күнде 42 мыңнан астам адамнан коронавирус табылды. 1185 адам өлімі тіркелген.
Ұлыбританияның денсаулық қауымдастығы елде карантин шараларын жұмсартқан премьер-министрге үндеу жолдап, індеттің екінші толқыны болуы мүмкін деп дабыл қақты.