14 ақп, 2019 сағат 15:24

АҚШ сенаторлары Ресейге қарсы жаңа санкциялар әзірледі

АҚШ сенатының мүшелері республикашыл Линдси Грэм мен демократ Роберт Менендес Ресейге қарсы жаңа санкциялар жобасын әзірледі. Шектеу шарасы Ресейдің өзге елдердегі сайлауларға араласу ықтималдығына және Украинадағы жағдайға байланысты қабылданбақ.

Құжат ресейлік бірқатар банктер, энергетика компаниялары мен Ресейдің тәуелсіз борышына қызмет көрсететін жүйелерге шектеу енгізуді көздейді деп хабарлайды Reuters. Агенттіктің жазуынша, санкцияға сұйытылған табиғи газға қатысты ресейлік жобалар да ілігуі мүмкін.

Журналистердің мәліметінше, АҚШ сенаторлары Ресей президенті Владимир Путинмен байланыстағы және жемқорлыққа қатысы бар жеке тұлғаларға қарсы шектеу енгізуді де ұсынған.

Заң жобасында Керчь бұғазында украиналық әскери кемелерге шабуылдап, басып алғаны үшін Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) 24 қызметкеріне қарсы санкция енгізу қарастырылған.

Грэм мен Менендес бұған дейін өткен жылы жазда Мәскеуге қарсы санкция енгізуді ұсынған. Ол жолы қабылданбай қалған заң жобасында Ресей мемлекеттік қарызын сатып алуға шектеу қою, ресейлік банктердің АҚШ-тағы шоттарын бұғаттау тәрізді шаралар қарастырылған еді. Бұл жолы сенаторлар бұрынғыдан да қатаң ұсыныстар жасап отыр деп хабарлайды Reuters.

АҚШ сенаторларының бастамасы туралы хабарлардан кейін Мәскеу биржасында рубльдің доллар мен еуроға шаққандағы бағамы арзандаған.

12 ақпанда БАҚ Еуропа одағы мен АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар әзірлеп жатқаны, шектеу шарасы Ресейдің өткен жылы қарашада Қырым жағалауы маңында "шекарадан заңсыз өткен" деген сылтаумен Украинаның әскери кемелері мен 24 теңізшісін ұстап алғанына байланысты енгізілетіні туралы хабарлаған.

Ресми Киев Ресейдің іс-әрекетін агрессиялық акті деп бағалады және өз теңізшілерін әскери тұтқындар деп атайды. Ресей билігі украин теңізшілері қасақана арандатуға барды деп мәлімдеген. Мәскеудің пікірінше, Ресей мен Украина бір-бірімен соғысып жатпағандықтан теңізшілерді әскери тұтқын деуге келмейді.

Азаттық