23 нау, 2021 сағат 17:10

АҚШ пен Еуроодақ Мьянмадағы әскери хунта басшыларына санкция салды

Еуропа одағы мен АҚШ Мьянмада өткен айда болған әскери төңікеріске қатысы бар адамдарға санкция салды. Төңкерістен соң билікке келгендер демократияшыл көзқарастағы митингілерді күшпен таратып, соның кесірінен кісі қаны төгілген.

22 наурызда Еуроодақ Мьянамада әскери хунта басшысы Мин Аун Хлаинға және тоғыз жоғары лауазымды әскери тұлғаға, сонымен бірге елдің сайлау комиссиясының төрағасына санкция салу туралы шешім шығарды. Санкцияның шарттары бойынша бұл адамдарға виза бойынша шектеу қойылып, активтері бұғатталады. Бұлар адамдардың көбі бұрыннан АҚШ-тың санкция тізімінде тұрған. Тізімге Мьянмадағы арнайы операцияларды басқаратын полиция басшысы мен екі әскери құрылымы қосылды.

1 ақпанда Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Мьянмада әскери төңкеріс болып, Аун Сан Су Чжидің азаматтық үкіметі биліктен кетірілген. Ел басына келгендер заңды сайланған үкіметке біраз айып таққан, бірақ Аун Сан Су Чжи жақтастары мұның бәрі ойдан шығарылған айып деп есептейді. Төңерістен бері елдің түкпір-түкпірінде әскери үкіметке қарсы наразылық болып жатыр. Көтерілісті басып-жаныштау кезінде 250-дей адам қаза тапты, 2600-ге тарта кісі тұтқындалды.

Хунта басшыларының айтуынша, Аун Сан Су Чжи партиясы басым дауыспен жеңіске жеткен былтырғы қарашадағы сайлау бұрмалаумен өткен. 50 жылдай әскери басшылық қоластында болған Мьянма азаматтық үкімет құрылғаннан кейін демократияға бет түзеді деп саналатын.