22 нау, 2019 сағат 11:27

АҚШ Мемдепартаменті Назарбаевтың өз өкілеттігін тоқтатуына қатысты пікір білдірді

Нұрсұлтан Назарбаевтың өңірлік және жаһандық ауқымда жауапты басшы ретінде көрсеткен үлгісін мойындаймыз. Бұл туралы АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілінің орынбасары Роберт Палладиноның Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтатуына қатысты жасаған мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрама Штаттар Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ пен Қазақстан арасында тығыз әрі қарқынды қарым-қатынасты орнатуға және оны алға жылжытуға қосқан үлесін жоғары бағалайды.

Қазақстан үшін осы тарихи сәтте бүгінгі заманауи, егеменді және гүлденген Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Н.Ә.Назарбаевтың рөліне құрмет білдіреміз және өңірлік, жаһандық ауқымда жауапты басшы ретінде көрсеткен үлгісін мойындаймыз», - делінген мәлімдемеде.  

«Біз сондай-ақ оның ядролық қаруды таратпау саласындағы елеулі еңбегіне және денуклеаризация бойынша жаһандық күш-жігердегі көшбасшылығына, билікті бейбіт жолмен тапсырудағы үлгі боларлық ұстанымына, сондай-ақ Қазақстанда және бүтін өңірде бейбітшілік пен гүлденуді қамтамасыз етуге қосқан үлесіне қошемет білдіреміз.

Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасымыз гүлденудің ортақ идеалдарына, негізгі бостандықтарды құрметтеуге және өңірлік қауіпсіздікке негізделген.

Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты құттықтаймыз және екі ел арасындағы кең стратегиялық әріптестікті тереңдету, экономикалық даму, сауда және инвестиция салаларында ұзақмерзімді өзара  мүдделерімізді алға жылжыту, сондай-ақ өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмысымыз жалғасатынына үміт артамыз», - делінген құжатта.