Фото: russian.rt.com
АҚШ Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров бастаған орыс делегациясына БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінің отырысына қатысу үшін виза бермей жатыр. Бұл туралы Ресейдің АҚШ-тағы елшілігі мәлімдеді.
Ресей 1 сәуірде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етеді. Ал 24-25 сәуірде кеңестің отырысы өтеді.
Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Анатолий Антонов орыс делегация мүшелеріне виза алу үшін АҚШ елшілігіне наурыздың соңында өтініш берілгенін, бірақ мақұлданбағанын айтты. Ол Вашингтонды орыс делегациясына және журналистерге виза беруге үндеді.
Дипломат министр Лавровтың төңірегінде де түсініксіз жағдай болып жатқанын айтты.
– АҚШ билігі ұшақтың келуіне мүмкіндік бермей жатыр. Америкалықтардың әуе кемесінің ешқандай кедергісіз ұшуына рұқсат беруін күтіп отырмыз, – деді Антонов.
Айта кетейік, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ЕО орыс ұшақтары үшін әуе кеңестігін жапқан.