23 нау, 2021 сағат 08:57

АҚШ: Колорадо штатында қаскөй супермаркетте 10 адамды атып өлтірді

АҚШ-тың Колорадо штатындағы супермаркетте болған атыс салдарынан кем дегенде 10 адам қаза тапты. Бұл туралы Боулдер қаласы полиция басқармасының Twitter-дегі парақшасында хабарланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«10 адам қаза тапты», - делінген мәлімдемеде. Бұған дейін БАҚ атыс салдарынан кем дегенде алты адам көз жұмғанын, олардың арасында оқиға орнына келіп жеткен құқыққорғау органдарының қызметкері болғанын хабарлаған. Тәртіп сақшылары қаза болғандардың туыстарына хабар берілгенше, құрбандардың нақты санын атаған жоқ. 

Қалалық полиция басқармасының өкілі бұған дейін атыс салдарынан құқыққорғау органдарының бір қызметкері қаза болғанын растады. Боулдер полиция департаментінің бастығы Марис Герольд дүйсенбі күні өткен баспасөз конференциясында бұл атыс орнына барған 51 жастағы полиция қызметкері Эрик Тэлли екенін нақтылады. Герольд, сондай-ақ, қылмыскер адамның ұсталғанын растады. 

Қылмыскердің әрекетіне не себеп болғаны белгісіз, оның есімі аталмай отыр. Полиция басқармасы басшысының айтуынша, оқиғаны тергеу бірнеше күнге созылуы мүмкін. 

Еске сала кетсек, дүйсенбі күні King Soopers супермаркетінің қасында белгісіз біреу атыс бастап, одан кейін дүкеннің ішіне кіріп оқ жаудырған.