Ақсай қаласында тоғыз қабатты үйдің қабырғасына ұлы Абайдың суреті салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Муралдың жанына адамзатты адалдыққа, ізгілік атаулыға шақыратын ақын өлеңінің жолдары жазылған.
Композицияның ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Миржан Сатқанов Абайдың 175 жылдығына орай 175 іс-шараның жыл соңына дейін жалғасатынын жеткізді.
Аталмыш шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті бастамашы болды.
«Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла» деген сөзі қазіргі таңда да мән-маңызын жойған жоқ. Алдағы уақытта тұрғындарды адал өмір сүруге үндейтін муралдар мен билбордтар басқа аудандарда да бой көтереді. Ұлы тұлғаларымыздың даналық сөздері кейінгі ұрпаққа ой салып, адалдықтың ақ жібін аттамауына септесетін болады», деді департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет.
«Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы аясында салынған муралдың демеушілері – «RENKO» және «Аяла» ЖШС. Ұлы ақынның бейнесін салуға Дарья және Яков Полещуктер 15 күн уақытын жұмсаған. Абайдың жан дүниесін, ішкі толғанысын көрсету үшін суретшілер қою қанық түстерді көбірек пайдаланған. Муралды түнгі мезгілде жарықтандыру да қарастырылған.
Енді қала тұрғындары мен қонақтары 10-шағынауданнан Абай бейнесін көріп тұратын болады.