13 там, 2020 сағат 12:20

Ақпарат министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа жағдайға бейімдемек

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақстандықтардың қазіргі заманғы сын-талаптарға төтеп бере алатын және жеке кәсіби қасиеттерін дамытатын іс-шаралар қолға алынады. Бұл туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда министрліктің алдында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жаңа жағдайға бейімдейтін бірқатар міндет тұр. Оның негізгісі – бұл ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, қазақстандықтардың қазіргі заманғы сын-талаптарға төтеп бере алатын және жеке кәсіби қасиеттерін дамытатын іс-шаралар. Бұл ретте біздің қолымызда қазіргі таңда бірнеше арнайы жобаның нұсқалары бар. Мәселен, прагматикалық өмір салтын дәріптейтін, үнем қуаты ұмыт болған, бірақ, ізгілік және тәрбиелік құндылық тұрғысынан қазіргі заманда өзекті болып саналатын салт-сананы дәріптейтін «Дәстүр мен ғұрып«, елдің құқықтық мәдениетін ашатын «Құқықтық мәдениет», еңбекқорлық, масылдықтан бас тарту сияқты қасиеттерді дәріптейтін «Еңбек елдің мұраты« деген бастамалар бар», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Вице-министрдің айтуынша, олардың қамтитын тақырыптық аясы атауынан әлдеқайда кең. Атап айтқанда, оған өскелең ұрпақтың мінез-құлқын қалыптастыру, салауатты өмір салты мәдениеті, эстетикалық талғамға баулу, яғни тамақтану мәдениетінен бастап музыка, әдебиет, театр сияқты терең дүниелерді қабылдау, азаматтардың өзңінің қарапайым құқықтарын қорғай білуі, кәсіп жасау сияқты қабілеттерін арттыру және басқалары кіреді.

«Мысалға алар болсақ, өткенде ел Презиндетінің көтерген үлкен бастамасы – қоғамның экологиялық сауатын ашу мен экомәдениетін көтеру мәселесі де кіреді. Немесе «Кітапсүйер ұлт« ұранымен жастарды, әсіресе, мектеп жасындағы балаларды кітап оқуға баулудың маңызы зор. Өйткені, өздеріңіз білесіздер, кітап қашанда рухани кемелдіктің бірден-бір өлшемі болған, бола да бермек», - деді Болат Тілепов.