ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.
Отырыста екі мәселе талқыланды, атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру барысы және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу қорытындылары бойынша енгізілген ұсынымдарды уәкілетті мемлекеттік органдардың орындау нәтижелері туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, білім беру және тәрбиелеу мәселелері».
Жиын барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Білім және ғылым, Қаржы, Денсаулық сақтау, Әділет, Мәдениет және спорт министрліктерінің бірінші басшыларының баяндамалары тыңдалды.
Биыл «2018-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын» іске асыру кезінде іс-шаралар жоспарының 37 тармағы сапасыз орындалғаны (Мәдениет және спорт министрлігі, Білім және ғылым министрлігі), мерзімдердің бұзылуы (Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Әділет министрлігі және Жоғарғы Сот), сондай-ақ жоспарда қойылған міндеттерді түпкілікті іске асыру кезіндегі өзге де кемшіліктер (Қаржы министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі) аталып өтті.
Өткен жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет орталық деңгейде 10 сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, өңірлік деңгейде - 226 сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдаудан өткізді. Олардың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою туралы 2096 ұсыныс енгізілді, соның шеңберінде 800-ден астам ұйымдастыру шаралары қабылданды, 63 нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер жасалды.
Мысалы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан тұлғалардың төлеу тетігін өзгертті.
«Қазавтожол» АҚ барлық өткізілетін тендерлерге жұртшылық өкілдерінің міндетті түрде қатысуы жөніндегі бөлігіндегі ішкі нормативтік құжаттарға өзгерістер енгізді, ал барлық мемлекеттік қызметтер электрондық форматқа ауыстырылды.
Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті ғылыми жобаларды қаржыландыруды қарау тәртібін қайта пысықтады, ұлттық ғылыми кеңестердің құрамының үштен бір бөлігі жаңартылды, отырыстарды онлайн трансляциялау және қойылған балдардың ашық дауыс беру арқылы қызметтің ашықтығы мен объективтілігі қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар ұсынымдарды іске асыру кезінде проблемалық мәселелер бар. Көбінесе ол сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бір мемлекеттік органның өкілеттігінің шеңберінен шығып, оны шешудің ұзақтығын туындататын фактілерге қатысты.
Мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері тарапынан сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ішкі талдау институтын пайдалану кезінде белсенді жұмыстың жоқтығы айтылды. Мәселен, соңғы 4 жылда мемлекеттік органдар мен ұйымдар 10 мыңнан астам осындай талдаулар жүргізді, бұл ретте тек 175 жағдайда немесе 2% тәуекелдерді жою бойынша ұсынымдар қалыптасты.
Әдетте талдаулар қорытындысы бойынша анықтамалар формальді түрде, кезекті ұсынымдарды шығару арқылы жасалады немесе сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жоқтығы мүлде нақтыланады. Бірқатар мемлекеттік органдар (ЦДАӨМ, МСМ, ҰЭМ, СІМ, ДСМ, ЕӘҚМ, ИИДМ, АШМ, ҚМ) бұл жұмысты 2016 жылдан бастап жүргізбеген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, білім беру және тәрбиелеу мәселелері жеке мәселе ретінде қаралды, оның ішінде жекелеген элементтер сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстардың біркелкі еместігі атап өтілді.
Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қызметтің үйлестіруші рөлін пайдалана отырып, білім беру, ақпараттық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешенін қабылдау қажеттілігіне назар аударылды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелерінің маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, оған басымдық берілуі тиіс, ал қажетті іс-шаралар алдағы кезеңге арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны іске асыру бойынша жоспарда көрініс табуы керек.
Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны өз деңгейінде іске асыруды ұйымдастыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізу, сондай-ақ, Мемлекет басшысының талаптары аясында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөнінде тапсырма берді.