Фото: nippon.com
Ақмола облысында бұрынғы әйелін жүйелі түрде аңдыған ер адам сотталды. Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындап, алты айға арнайы шектеу енгізді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ақмола облысының Сандықтау аудандық сотында сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды. Айыпталушы – жергілікті тұрғын. Тергеу мәліметінше, ол ажырасқаннан кейін бұрынғы жұбайының қарым-қатынасты толық тоқтату туралы шешімімен келіспей, әйелді ұзақ уақыт бойы қудалап келген.
Сот анықтағандай, 2025 жылдың маусым айынан бастап ер адам бұрынғы әйелін үнемі іздеп, онымен кездесуге тырысқан. Ол әйелдің үйі мен жұмыс орнының маңында күтіп тұрған, көшеде соңынан ерген, бірнеше рет телефон соғып, түрлі хабарламалар жолдаған. Кейбір хабарламаларда балағат сөздер мен қорлау сипатындағы сөздер болған.
Бұдан бөлек, кей кездері ер адам әйелдің үйіне келіп, терезеден ішке қараған. Бұл туралы соттың ресми хабарламасында айтылды.
Жәбірленуші сотта тұрақты қудалау салдарынан қорқыныш пен үрей сезінгенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл жағдай психологиялық қысымды күшейтіп, өзінің ғана емес, балаларының қауіпсіздігі үшін де алаңдауға мәжбүр еткен. Осыдан кейін әйел полициядан көмек сұраған.
Сот барысында ер адамның кінәсі оның өз мойындауымен қатар жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, полиция қызметкерлерінің рапорттары, сондай-ақ хабарламалардың скриншоттары мен аудиожазбалар арқылы дәлелденді.
Нәтижесінде сот айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады.
Сонымен қатар сот алты ай мерзімге арнайы мінез-құлық талаптарын белгіледі. Осы кезеңде ер адамға бұрынғы жұбайымен кез келген байланыс жасауға тыйым салынды. Бұдан бөлек, оған алкогольдік ішімдік ішуге де шектеу қойылып, ай сайын профилактикалық әңгіме жүргізу үшін полицияға барып тұру міндеттелді.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
