16 мам, 2024 сағат 10:36

Ақмола облысында тариф көтерген теміржол компаниясының 64,5 млн теңге табысы тәркіленді


Фото: Kazinform


Ақмола облысында тариф көтерген «Степногор темір жолы» ЖШС-не 5 млн теңгеге жуық мөлшерде айыппұл салынып, 64,5 млн теңге табысы тәркіленді, деп хабарлайды Ақмола облысы бойынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті.


Белгілі болғанындай, вагондарды коммерциялық тексеру қызметіне монополиялық жоғары баға белгілеу деректері бойынша «Степногор темір жолы» ЖШС қатысты монополияға қарсы тергеу жүргізілген.


«Биылғы жылдың 28 наурызында Степногор қалалық сотының қаулысымен ЖШС ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы бойынша 64 455 194 теңге мөлшерінде монополиялық табысы тәркіленіп, 4 903 034 теңге сомасына айыппұл түрінде әкімшілік жауапқа тартылды. Ал 14 мамырда Ақмола облыстық сотының апелляциялық сатысы айыппұл салу туралы қаулы заңды күшіне енді», - деді ведомстводан.


Сонымен қатар департамент вагондарды коммерциялық тексеру қызметіне тарифтерді төмендету мақсатында бағаны негізделген деңгейге дейін төмендету талабымен бұзушылықтарды тоқтату туралы ұйғарым шығарды.