Ақмола облысында электрмен жабдықтау жүйесін қайта құру кезінде 1,3 млрд теңгеден астам қаражат ұрланды. Оны бас мердігер, қосалқы мердігер, техникалық қадағалау және Целиноград ауданының лауазымды тұлғалары Қызылсуат ауылында электрмен жабдықтау жүйесін қайта құру кезінде жымқырған.
Бұл туралы Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің басшысы Нұрәби Төлеутай брифингте мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Департамент басшысының айтуынша, 2021 жылы қылмыстық істердің аяқталуы 65,22 пайызды құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда көп.
«Қызылсуат ауылында электрмен жабдықтау жүйесін қайта құру кезінде 1,3 млрд теңгеден астам сомаға бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша (бас мердігер, қосалқы мердігер, техникалық қадағалау және тапсырыс берушінің лауазымды тұлғалары) «РемСтройСервис-ПВ» ЖШС басшылары мен Целиноград ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды», - деді Нұрәби Төлеутай.
Сонымен бірге, ол Ақмола облысы ТЖД басқарма басшысына қатысты заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактісі бойынша лауазымды тұлғалардың қатысуымен қылмыстық іс сотқа жолданғанын атап өтті.
Брифингте айтылғандай, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, электр энергиясымен жабдықтау, азық-түлік және дәрі-дәмекпен қамтамасыз ету, қаржы пирамидасын ұйымдастыруға қатысты бірқатар қылмыстық істер қолға алынған.
«Тәркіленген мүлікті ескере отырып, аяқталған қылмыстық істер бойынша өтелген залал сомасы 1,6 млрд теңгені құрады», - деп түйіндеді Нұрәби Төлеутай.