12 қаң, 2023 сағат 11:21

Әкімдіктер халықтың тұрмысын жақсартуға бөлінген 204,8 млрд теңгені игермеген

Фото: baigenews.kz

Былтыр ел бойынша өңірлерді дамытуға бөлінген нысаналы трансферттердің 204,8 млрд теңгесі игерілмей қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі Finprom.kz порталына сілтеме жасап.

Оның дерегінше, өткен жылы қаңтар-қараша айлары аралығында еліміздің қалалары мен облыс әкімдіктеріне 2,9 трлн теңге нысаналы трансферттер бөлінген.

Бұл ретте бүкіл қаражаттың 92,5%-ы ғана игерілді. Қалған қаражат көлемі - 220,6 млрд теңге.

Оның ішінде 15,8 млрд теңге бюджет қаражатынан үнемделген болса, 204,8 млрд теңге игерілмей қалған.

Ол - қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған қаржының едәуір бөлігі.

Ел өңірлері арасында нысаналы трансферттерді игеру бойынша пайыздық көрсеткіште Қызылорда және Қостанай облыстары көш бастады.

Қызылорда өңірі өткен жылы трансферттердің 99,2%-ын, ал Қостанай облысы 99%-ын игерген.

Бұл тізімде көшбасшылар үштігін Шымкент қаласы түйіндеп тұр. Былтыр аталған шаһарда нысаналы трансферттің жұмсалуы 98,6 пайызды құраған.

Жалпы, еліміздің 9 өңірінде бұл көрсеткіш 95%-дан асты.

Ал 5 облыста қаражатты игеру 90-95% аралығында болса, 6 өңірде орындалмаған нысаналы трансферт мөлшері 90%-дан төмен.

Өткен жылы қаражатты ең аз игерген - Астана қаласының әкімдігі. Елордадағы нысаналы трансферттердің орындалуы небәрі 68%.

Яғни, былтыр Астана әкімдігі 879,4 млн теңге бюджет қаражатын үнемдесе, қалған 60,3 млрд теңге трансферт қаржысы игерілмеген.

Сондай-ақ, төмен көрсеткіштер екі облыста байқалды. Олар – Маңғыстау (трансфертті игеру - 83,7%) және Батыс Қазақстан облыстары (трансфертті игеру -84,2%).