Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті жерде халықпен жұмыс жасайтын мемқызметшілердің жалақысын көтеруді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жергілікті атқарушы органдарда төменгі сатыда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын көтеруіміз керек. Олар облыстар, аудандар мен ауылдарда халықпен тығыз жұмыс істейді. Сондықтан осы санаттағы қызметкерлердің жалақысын 25 пайызға көтеруді тапсырамын. Әйтпесе, бізде орталық пен аймақтардың жалақысы жағынан қатты айырмашылық бар. Ондай қызметкерлерге қолдау жасауымыз қажет», - деді Н.Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде.
Президенттің айтуынша, әкімдік қызметкерлерінің жалақысын көтеру үшін 2019-2021 жылдары аралығында қосымша 980 миллиард теңге бөлінеді.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көпбалалы отбасыларда әрбір баланың төлемақысын 21 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырды. Бұдан бөлек, мүгедек балаларды асырап отырған отбасылардың жәрдемақысы 30 пайызға өседі.