Әкімдердің халықпен кездесуінде дайын сұрақтардың қойылуына жол беруге болмайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алдын ала дайындалған адамдардың әкімдерге сұрақ қоюына ешқандай да жол беруге болмайды. Аудиторияны қадалаған кезде әкімдікке жақын, әкімдіктің сөзін сөйлейтін адамдарды емес «келемін», «қатысамын» деген белсенді адамдардың кездесуге келіп қатысуына болады. Кез келген есепті болсын, тұрақты болсын кездесуге келіп қатысамын деген адамға ешкім шектеу қоя алмайды. Өкінішке орай бейресми шектеулердің болғаны рас. Бірақ, алдағы уақытта жергілікті атқарушы билікпен бұл мәселені шешеміз. Оны Ұлттық экономика министрлігі ғана емес Президент әкімшілігі де жіті қадағалап отырады», - деді вице-министр «Хабар-24» телеарнасындағы «Сұхбат» бағдарламасында.
Оның атап өтуінше, жергілікті жерлерде мұндай шектеулер болған жағдайда заң аясында тиісті іс-шара қабылданады.
Сонымен қатар ол әкімдердің азаматтарды жеке қабылдау күндерін ұлғайту мәселесі де қаралғанын айтты.
«Әкімнің кездесуі өткеннен кейін ол азаматтарды жеке қабылдауы тиіс. Жеке қабылдауға кім қатыса алады? Сол жиынға келген кезде сауал жолдауға уақыты жетпеген, қойған сұрағына тиісті жауап ала алмаған адамдар жеке қабылдауға кіре алады. Ол жерде тек әкім ғана емес, жергілік атқарушы биліктің өкілдері, прокуратура, ішкі істер органдарының қызметкерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері көтерілген мәселені дер уақыты шешуге тырысады», - деді Бауыржан Омарбеков.