07 нау, 2022 сағат 14:06

Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғам арасында диалог орнататын маңызды бағыт


Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғам диалогын орнататын маңызды бағыт. Мұндай пікірді «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғамның, әсіресе өңірлердегі диалогын орнатуға негізделген кері байланыстың маңызды бағыты. Жаңа өзгерістерге сәйкес, әкімдер кездесу аяқталғаннан кейін азаматтарды жеке қабылдайды. Содан кейін проблемалы мәселелер жүйеленіп, оларды қаржыландыру мәслихат сессиясында қарастырылады. Осылайша, Қазақстан Республикасының барлық елді мекенінде тиісті өңірлердің басшылық құрамымен кездесулер өтеді», - деп жазды ол Facebook парақшасында 

Оның атап өтуінше, кездесулер халықтың талабымен және күнтізбеден тыс қажет болған жағдайда өткізілуі мүмкін. 

Егер бұған дейін ондай кездесулер есеп беру үшін ғана ұйымдастырылса, енді бұл міндетті шарт болады. 

Бұған қоса, тұрғындардың талабымен кездесу бірнеше мәрте өтуі де мүмкін. 

«Бұл ретте азаматтардың белсенді ұстанымы да маңызды. Сонымен қатар барлық деңгейдегі әкімдер тоқсан сайын ресми интернет-ресурстарда және «электронды үкімет» веб-порталында кездесу барысында халық көтерген проблемалы мәселелердің шешілу барысы туралы ақпарат жариялауы тиіс. Халықпен сөйлесіп, олардың мәселелерін шешу қажет. Тетіктері белгіленді. Ең бастысы - орындалуы және бақылануы», - деді Қазбек Майгелдинов.