Әкімдердің халыққа есеп беру тәртібі жіті реттеледі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Сабина Сабиева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Президенттің жаңа, маңызды Жарлығы жария етілді. Құжат әкімдердің халық алдында есеп беру тәртібін жіті реттейді. Осы ретте Жарлық мәтініндегі маңызды екі мәселеге назар аудартқым келеді. Біріншіден, есеп беру кездесуін өткізу процедурасы тыңғылықты регламенттеледі. Мұндай регламент өте маңызды. Ол атқарушы билік ішіндегі бақылауды да, азаматтық бақылауды да күшейтеді. Екіншіден, кездесу мазмұнына қатысты нақты норма енгізіледі», - деді ол.
Осы ретте спикер әкімдердің халықпен кездесуі бір актердің қойылымы сияқты жасанды өтетіні ешкімге жасырын еместігін баса айтты.
«Алдын ала дайындалған сұрақтар ғана қойылатын. Енді «сұрақ-жауап» бөліміне бүкіл кездесудің төртен үш бөлігі берілетін болады. Құжаттағы кездесуге дайындық бөлігіне қатысты жері де көңілімнен шықты. Жарлық кездесу алдында азаматтардың шағымдарын, арыздарын, өтініштерін жинауды және сараптауды міндеттейді. Ал бұл жайт әкімге сөйлейтін сөзін дайындауда септігін тигізетін болады», - деді Сабина Садиева.