04 сәу, 2022 сағат 11:54

Әкімдердің карантинді уақтылы қолданбауынан эпизоотиялық ахуал нашарлады - Қарашөкеев


Кейбір аумақтар әкімдерінің карантинді және шектеу іс-шараларын уақтылы қолданбауы жергілікті жерлердегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауына әкелді. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

«Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты міндеттер қойды. Олар: орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің ара жігін нақты ажырату, процестерді цифрландыру және деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, кадрлар даярлау және жалақыны арттыру. Министрлік қойылған міндеттерді орындау үшін биылғы жағдайға мұқият талдау жүргізді және ветеринария жүйесін реформалау үшін қажетті іс-шаралар әзірледі», - деді Қарашөкеев. 

Оның айтуынша, ұсынылған іс-шаралар сарапшылар қауымдастығымен, әкімдіктермен, мемлекеттік органдармен, бизнеспен, салалық қауымдастықтармен талқыланды. Жұмыс тобының оннан астам отырысы, оның ішінде өңірлерге көшпелі отырыстар өткізілді. Сондай-ақ, барлық негізгі реформалар бойынша Үкімет пен Президент Әкімшілігінде талқылау жүргізіліп, онда негізгі тәсілдер мақұлданды. 

«Бұдан басқа, министрліктің бастамасы бойынша 2021 жылғы наурыздан қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасы үшін Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы халықаралық сарапшыларының екі миссиясы өткізілді, олардың қорытындылары бойынша біз Қазақстанның ветеринария қызметінің жұмысын күшейту жөнінде тиісті ұсынымдар алдық. 

Реформаларды енгізуді кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарлануда, бұл ветеринариялық қызмет жұмысының тиімділігін арттыруға және болашақта оны жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», - деді министр. 

Ветеринария бойынша реформаларды әзірлеудің бастапқы кезеңінде нормативтік-құқықтық актілердегі қайшылықтарға, сондай-ақ ветеринариялық заңнаманың сол немесе өзге де нормаларын практикада қолданудың жетілмегендігіне талдау жүргізілді. 

«Эпизоотиялық ошақтарды зерттеп-қарауды жүргізу бөлігінде қадағалау және іске асыру функцияларының егжей-тегжейлі функционалының болмауы, тиісті аумақтар әкімдерінің карантинді және шектеу іс-шараларын уақтылы қолданбауы жергілікті жерлердегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауына әкелді, әсіресе карантинді белгілеу кезінде. Карантинді белгілеу 90 күнге дейін кешіктірілген фактілер бар, сәйкесінше ошақты жою іс-шаралары уақтылы жүзеге асырылмады, бұл инфекцияның таралуына әкелді», - деді ведомство басшысы.