19 мау, 2020 сағат 07:06

Әкімдер науқастарды коронавирусқа тестілеуді қамтамасыз етуі тиіс - Ақтаева

Барлық өңір әкімдері науқастарды коронавирусқа тест зерттеуімен қамтамасыз етуі тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықтың медициналық көмекке жүгінуінің өсуі мен халыққа уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдеріне медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, оның ішінде:

- жедел жәрдем станциялары мен емханалардағы call-орталықтардың қуатын арттыруды;

- жедел медициналық жәрдем станцияларының шұғыл және кезек күттірмейтін шақыруларға уақтылы қызмет көрсетуін қамтамасыз етуді;

- меншік нысанына қарамастан өңірдегі бар ресурстарды тарта отырып, науқастарды коронавирусқа тест зерттеуімен қамтуды қамтамасыз етуді ұсынамын», - деді Ләззат Ақтаева.

Сонымен қатар министрдің міндетін атқарушы инфекциялық және провизорлық төсектердің талап етілетін санын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

«Амбулаториялық-емханалық көмек деңгейінде үйдегі пациенттерге сапалы динамикалық бақылауды жүзеге асыруды; медициналық ұйымдар базасында қосымша зертханаларды ашу арқылы Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес халықты ПТР-тестілеумен қамтуды кеңейтуді, халықпен белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді ұсынамын», - деді ол.