29 қыркүйекте «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов исламдық қаржы саласындағы ең беделді Global Islamic Finance Awards (GIFA) сыйлығының марапаттау рәсіміне қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
АХҚО үш жоғары марапатқа ие болды. «Ислам қаржысына институционалдық қолдау көрсеткені үшін» сыйлықты АХҚО Басқарушысы Қайрат Келімбетов алды. Ислам қаржыландыру департаментінің директоры Әлібек Нұрбеков «Ислам қаржысы саласындағы саясатты әзірлегені үшін» жеке номинациясы бойынша марапатталды, АХҚО Бюросы исламдық қаржы саласындағы «Адам капиталын дамыту жөніндегі бастамалар» үшін атап өтілді.
Ислам әлемінің беделді сыйлығының сегізінші салтанатты рәсімі Босния және Герцеговина, Сараево қаласында өтті. Бұл іс-шара жыл сайын түрлі елдердің мемлекет және үкімет басшылары, сондай-ақ халықаралық ислам қаржы институттарының өкілдерін бір алаңда жинайды.
«Мен GIFA комитетіне АХҚО-ға «Ислам қаржысына институционалдық қолдау көрсеткені үшін» беделді сыйлығымен марапаттағаны үшін алғыс білдіргім келеді. Бұл марапат бізді исламдық қаржыландыру саласындағы өңірлік хаб ретінде орталықты одан әрі ілгерілетуге шабыттандырады. АХҚО-да ислам қаржыларын дамыту үшін қолайлы экожүйе құрылған және осы бағыт АХҚО-ның негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. АХҚО исламдық қаржыландыруды ілгерілету мен дамытуда қабылдаған бастамалар Global Islamic Finance Report есебіне сәйкес Islamic Finance Country Index (GIFR 2018) рейтингінде Қазақстан позицияларын 2017 жылы 31- орыннан 2018 жылы 24- орынға жақсартты» - деді Қ.Келімбетов.
Айта кетерлігі, 2017 жылы GIFA тапсыру рәсімі Астана қаласында өтті. Сыйлық аясында ислам қаржы саласындағы әлемнің үздік компанияларының тізімі жарияланатын Global Islamic Finance Report - GIFR жыл сайынғы жаһандық есебі шығарылады. Олардың қатарына АХҚО да енді.
Кәсіби қоғамдастық қаржы орталығының тек Қазақстан аумағында ғана емес, сондай-ақ қатысу өңірінде Исламдық қаржыны дамыту және көпшілікке тарату саласындағы еңбегін жоғары бағалады. Қазіргі уақытта АХҚО инфрақұрылымының базасында исламдық қаржыландырудың толыққанды нарығы қалыптасуда. Азия Даму банкі (АДБ), Ислам Даму банкі (ИДБ), Islamic Financial Services Board (IFSB), Accounting and Auditing Organization for Islamic Financial Institutions (AAOIFI) және General Council for Islamic Banks and Financial Institutions (CIBAFI) сияқты халықаралық ұйымдардың қолдауымен үздік ислам қаржы тәжірибелері мен стандарттарына сәйкес қолайлы құқықтық және нормативтік база құрылды.
Кәсіби бастамаларды ілгерілету және дамыту шеңберінде АХҚО Бюросы әлемдік жетекші қаржы институттармен әріптестікте бес халықаралық сертификаттық бағдарлама бойынша оқыту жүргізеді. Олар: Ислам банкингіндегі және BIBF қаржысындағы халықаралық сертификаттау, CISI исламдық қаржы саласындағы кәсіби біліктілік, INCEIF исламдық қаржыларындағы кәсіби сертификаттау, ислам қаржы саласындағы BIBF кеңейтілген дипломы, сертификатталған AAOIFI Ислам кәсіби бухгалтері.
АХҚО Бюросының бастамасымен биыл 4 шілдеде Ислам экономикасы форумы барысында нарық кәсіпқойларының тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған ислам қаржысындағы кәсіпқойлар қауымдастығы құрылды. Жыл сайын Islamic Finance Week салалық іс-шарасы өткізіледі, ол өз алаңында тәжірибе алмасу және бүкіл өңірде исламдық қаржы айналасында экожүйені құру үшін ислам қаржы индустриясындағы сарапшыларды, мамандар мен қаржы институттарын біріктіреді.
«GIFA-ның үш беделді наградасын алу халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары баға беруді куәландырады және өңірлік исламдық қаржыландыру хабы ретінде АХҚО ұстанымын нығайтады, сондай-ақ осы бағыттағы серпінді даму үшін жаңа түрткі береді», - делінген хабарламада.