07 қаз, 2020 сағат 10:10

«Ақ жол» депутаттары 4 жылдан бері газ күткен Келес ауданы халқының мәселесін көтерді

Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Дүйсенбинов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевқа сауал жолдады.

«Бүгін ас-суын ағаш жағып әзірлеп, үйін көмірмен жылытып отырғандар бар. Өткен аптада «Ақ жол» фракциясы депутаттарының Түркістан облысының тұрғындарымен кездесу барысында бұл мәселенің әлі де толығымен шешімі табылмай отырғандығынан хабардар болдық. Ауыл азаматтары газбен қамту мәселесін тағы да көтеріп, әкімдердің әсем есептерінің шындықтан алыс екенін жарыса айтып, жанайқайын жеткізді. Рухани астанамыз - Түркістан қаласы бүгінде өзгеріп, қала келбеті облыс орталығының мәртебесіне лайық, гүлденіп келе жатқандығын көріп отырмыз. Дегенмен, қазақтың қара шаңырағы – оңтүстік аймақ, инфрақұрылымдық даму, сапалы өмір сүру тұрғысынан тек Түркістан қаласымен ғана шектеліп қалмауы керек деп есептейміз», - деді Берік Дүйсенбинов сауалында.

Оның айтуынша, Қазақстан әлемдегі 30 дамыған мемлекеттің қатарына кіреміз деп биік мақсат қойған ел. Бірақ жылына 50 млрд шаршы метр газ өндіретін Қазақстанның халқы сол газбен үйін жылыта алмаса «біз қандай өмір сапасы туралы айта аламыз, ондай әлемдік рейтингтің құны бес тиын»,- дейді ол.

«Мысалы Түркістан облысы Келес ауданы «Біртілек» ауылы, «Еңбекші» және «Ораз ата» елді мекендері тұрғындарының айтуынша, осыдан 4 жыл бұрын аталмыш ауылдарға газ құбыры салынып, тұрғындар өз қаржыларына үйлеріне құбыр тартып, газ пештеріне дейін қойып алған. Осындай жағдай Жетісай ауданының Көктөбе ауылында, Сайрам ауданының жеті ауылында, Ордабасы, Қазығұрт ауданы ауылдарында орын алған. Өкінішке қарай бүгінгі күнге дейін осы ауылдарға көгілдір отын әлі жетпеген. Егер газ болмаса, тұрғындардан неге 4 жыл бұрын қаржы жиналған?» - дейді ол.

Депутат тұрғындармен кездесу кезіндегі шағымдарға сүйене келе, Жетісай ауданындағы 72 мектептің 39 әлі де көмір қызуымен жылынатынын жеткізді.

«Газдың қосылмау себебін жергілікті әкімшілікте, өкілетті органдар әртүрлі техникалық себептермен түсіндіруде. Бірақ, мардымды,нақты жауап ала алмадық. Әрине, сылтаудың түрі көп, қағаз бәрін көтереді. Осы ауыл азаматтары мен мектептерге газдың жетпеуіне себеп болып отырған шенеуніктер мен газ құбырының басында отырған өкілетті органның басшыларына көгілдір отынсыз отырған ауылдарға көшіп, балаларын суық мектепте оқытып, келе жатқан қыстың қарсаңында тезекпен жылынып өмір сүруге кеңес береміз. Сонда мүмкін, бұл мәселе жылдам шешілер. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы Түркістан облысындағы аталған ауылдар мен мектептерге бүгінгі күнге дейін газ келмеу себебі, оған жауапты лауазымды, заңды тұлғаларды анықтап, олардың қандай жауапкершілікке тартылғандығы жөнінде және бұл мәселе өз шешімін қашан табатыны туралы ақпарат сұрайды», - деді ол.