Фото: Backstreet Boys инстаграм парақшасынан
Биыл 21 қыркүйекте танымал Backstreet Boys тобы "Астана Аренада" концерт береді. Концертке топтың барлық мүшесі қатысып, хит әндерінің барлығын орындайды деп күтілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз отырысында ұйымдастырушылар айтты, деп хабарлайды Ult.kz.
Танымал топ биыл Лас-Вегастағы Sphere сахнасында концерт қоймақ екен. Оған келушілерге ақ дресс-код талап етіліпті. Астанада өтетін концертті ұйымдастырушылар да келушілер ақ киім киіп келсе құба-құп деп отыр, бірақ міндеттеледі деп айтқан жоқ.
Концертке билет сатылымы 14 шілде сағат 12:00-де ашылады. Тек Freedom Bank қосымшасында 24 сағаттық эксклюзивті пресейл 22% дейін қолма-қол ақшамен болады! 15 шілдеде сағат 12.00-ден бастап сатылымдар Ticketon.kz сайтында қол жетімді болады, бөліп төлеудіге болады, 10 төлем әдісі бар.
Билет құны 40 мың теңгеден басталып, бір адамға 4 билеттен артық сатып алуға рұқсат етілмейді.
Есте болса Дженнифер Лопестің Астанада өтетін концертіне билет сатылымы кезінде техникалық ақау болған, Backstreet Boys концертіне билет сатылым кезінде ондай ақау болмайды деп уәде беріп отыр ұйымдастырушылар.
"А санаттағы алғашқы концерт ивент жүйесіндегі стресс-тест болды. Алматыдағы концертте электронды билеттің опциясы сыналды. Билет сатуда ешқандай мәселе туындаған жоқ. Backstreet Boys концертінде де қандай да бір мәселе туындайды деп ойламаймыз", - деді «АСТАНА КОНЦЕРТ» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов.
Ұйымдастырушылардың сөзінше Backstreet Boys концертіне әлемнің 40 елінен көрермен келеді. Жалпы биыл Елордаға 1,7 млн. турист күтіліп отыр екен.
Астанада 299 қонақ үй, оның ішінде 9 – бес жұлдызды қонақ үй, сондай-ақ 3-4 жұлдызды санаттағы 100-ге жуық қонақ үй жұмыс істейді. Өткен жылы Елордада 128 іс-шара өткізілсе, биыл 201 іс-шара жоспарланған.
Осы ретте Ult.kz тілшісі спикерлерге маңызды екі сұрақты қойды. Оның бірі келушілердің қауіпсіздігі қалай қамтылатыны туралы сұрап білген еді, «CA ENTERTAINMENT» халықаралық продюсері Сымбат Нұрболқызы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырушылар жеке күзет компанияларын тартып, Ішкі істер министрлігі мен елорданың Полиция департаментімен бірлесіп жұмыс істейтіндерін айтты.
"Біз бұған дейін үлкен концерттер ұйымдастыру кезінде қауіпсіздік мәселесін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізгенбіз. Мысалы Димаш Құдайбергеннің концерті, Көшпенділер ойындарының ашылуында және басқа да жекелеген шараларда тәжірибеден өттік. Яғни бұл бізге күзет компанияларымен, Ішкі істер министрлігі, Полиция департаментімен бірге бірінші рет жасағалы отырған жұмыс емес. Сондықтан біз қауіпсіздікке кепілдік бере аламыз", - деді ол.
Ал концерт өтетін аймақ пен қала тазалығы және қоғамдық дәретханалардың таза болуын қалай қамтамасыз етілетінін сұрағанымызда ұйымдастырушылар концертке келушілердің ұшақтан түскенінен бастап, кетер кеткенше тазалық қамтамасыз етілетінін айтып, уәде берді.
"Концерт кезінде клининг үш есе күшейтіледі. Әр минут сайын әжетхананың жағдайы тексеріліп, тазалық қамтамасыз етіледі. Ол жерде 25 мың адам күтілгендіктен көшелер жабылады, коллапс болмас үшін жеке автотранспортты тұраққа қоюға тыйым салынады. Келушілерді арнайы автобустармен тасымалдауды әкімдікпен бірлесіп қамтамасыз етіп отырмыз. Яғни әр маңызды мәселе бойынша штаб жұмыс істейді. Әрине олқылықтар болуы мүмкін, бірақ біз ондай келеңсіздіктердің алдын алу бойынша жұмыс істеп жатырмыз", - дейді «АСТАНА КОНЦЕРТ» компаниясының продюсері Мәлік Хасенов.
Сондай-ақ ол концерт алдында шараға қатысу бойынша кеңестер жазылған арнайы парақшаны билетке қосып беретіндерін айтады.
