Фото: ашық дереккөз
АҚШ-қа ресми сапары барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен қазақстандық және америкалық әуе компаниялары арасындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Air Astana мен Boeing компаниясы 15 дана Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын жеткізу туралы келісімшартқа қол қойды. Бұл — бұған дейінгі үш ұшаққа қосымша тапсырыс. Келісімнің жалпы құны 7 миллиард АҚШ долларын құрайды.
«Бұл келісім Air Astana компаниясына халықаралық бағыттар желісін кеңейтуге, соның ішінде АҚШ қалаларына тікелей рейстер ашуға жол ашады», — делінген компания хабарламасында.
Сонымен қатар, SCAT әуе компаниясы да Boeing-пен әріптестігін жалғастырып, 2035 жылға дейін 15 дана Boeing 737 ұшағын сатып алуды жоспарлап отыр.
Бұған қоса, «Қазаэронавигация» РМК мен америкалық Leidos компаниясы арасында аэронавигация жүйесін Skyline-X деңгейіне дейін жаңарту бойынша ынтымақтастық жүріп жатыр.
Мамандардың айтуынша, бұл жобалар Қазақстандағы әуе қозғалысын басқару жүйесін жаңғыртып, қауіпсіздік пен қызмет сапасын халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
