09 мау, 2023 сағат 12:16

Air Astana-ға 6,7 млрд теңге айыппұл салынды

© Photo: Air Astana әуе компаниясының ресми сайты

Air Astana компаниясына әрбір әуе билетінен жанармай алымын негізсіз алғаны үшін 6,7 млрд теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Агенттік көлік прокуратурасы органдарымен бірлесіп, Air Astana қызметіне тексеріс жүргізген. Оған халықтың әуе билеттері бағасының үздіксіз, әсіресе сұраныс жоғары кезеңде (жазғы демалыс - ред.) өсуіне қатысты шағымы себеп болған.

"Тексеріс қорытындысы бойынша Air Astana-ның іс-әрекеттерінде авиатасымал нарығындағы үстем жағдайды теріс пайдалану фактілері әшкере болып, әрбір әуе билетінен жанармай алымын негізсіз алғаны анықталды", - делінген хабарламада.

8 маусымда Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Air Astana-ға 6,7 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.