Қазақстанға дос және бауырлас ел Әзербайжан да Абайға көп мән береді. «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Абай сөзі – қазақтың бойтұмары» мақаласында әзербайжандық Аида Ейвазли осылай жазды.
Бірнеше күн бұрын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың « Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан » атты мақаласын оқыдым. Бір халықтың ұлттық мұрасы, бір ұлттың және бір халықтың ұлттық болмысы қамтылған мақала маған қатты ұнады.
«Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады» – деген Мемлекет басшысы Тоқаев, ұлы ойшылдың сөздері мен әдеби мұрасына сүйеніп, одан қалған «аталар сөзінің» әлемдік үдерістер мен өзгерістерге үлгі бола алатынын айта келе, «Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді... Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық», дейді.
Мен Абайды қара сөздерінен таныдым. Қазақстанда қызмет атқарған алғашқы жылдары «Қазақстан» Ұлттық телеарнасымен ынтымақтастықта кезімде кеңірек біле түстім. Сол тағылымды сөздер, мысалдар менің де жадыма жазылды. Түркі фольклорында және тұрмыс-салтында «аталар сөзі, ата сөзі» деген тіркес бар. Күллі түркінің мұрасын жиған, түркі фольклорын зерттеген Махмұд Қашғари де «түркінің аталар сөзін» жинап, мұрамызды байытқанын білеміз.
Түркі әлемінің ұлы ойшылы, философиялық ой-пікір тарихын жалғастырушы Абай да өз еліне, өз жұртына ұлы сөздер мен өсиеттер қалдырып кетті. Түркі әлемінің ақсақалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым Абайдың қара сөздерінен дәйексөздер береді. Елбасы айтқандай Абай сөзі – қазақтың бойтұмары, Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті қазынасы.
Сөзбен әлемнің жүйесі өзгерді, сөз жоқтан бар жасады. Ұлы ақын Физули айтқандай, «Халыққа ауыздың сырын әшкере қылар сөз, Иесінің кім екенін әшкере қылар сөз».
Биыл 175 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатқан Абай Құнанбайұлының сөзі – қазақ халқының сөзі. Қазақ халқы – қазақ ұлтынан ғана емес, көптеген ұлттардан құралған этностық халық. Көк тулы мемлекетте өмір сүріп жатқан ұлттар бір шаңырақ астында бас қосып, елді өркендетуде және Абайдың сөзін дәріптеуде.
Өткен жылғы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасына Әзербайжанның да қатысуы кездейсоқтық емес. Қара сөзді еске алғандардың бірі мен болдым. Бұл сөзді шалғайдағы түркі елдері Сахаларға, Қырымға жолдадым.
Қазақстанға дос және бауырлас ел Әзербайжан да Абайға көп мән береді. Халқымыз ұлы тұлғалар мен ұлы сөздердің қадірін біледі. 100 жылдық Әзербайжан Мемлекеттік университетінде Абай орталығы қызмет көрсетеді. Түркі әлемінің ең қымбат кітаптарының тұсаукесер рәсімі де осы білім шаңырағында өтеді.
Тоқаев өз мақаласында: «Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деп жазды.
Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев мырзаның пікірлерінен шабыттанып, мен де бүгіннен бастап Абайдың қара сөздерін аударып, баспасөзде жариялайтын боламын. Өйткені оның сөздері білім мекемелері, оқушылар, студенттер, өз жолын таба алмай жүрген жандар үшін «аталар сөзі» болып табылады. Өсиет болып табылады. Біздің аталарымыз ешуақытта қалт айтқан емес. Олар қара сөз айтты, ұлы сөз айтты.
Аида Ейвазли, Әзербайжан Республикасы