Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева отандық БАҚ саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиынында қазіргі уақытта тұтас мемлекеттердің қарқындап өсуі де, құлдырап өшуі де заманауи ақпараттың оң-терісіне байланысты екенін айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
– Кез келген мемлекет үшін ақпарат көздеріне назар салып, тиімді жұмыс жасау – өте маңызды мәселе. Әрине, бұл бағытта елімізде Тәуелсіздік алғалы бері атқарылған шаруа жетерлік. Оған осында отырған, кезінде сол үрдістердің басы-қасында болған ағаларымыз да, кейінгі буын әріптестеріміз де куә. Расында да, ол кездегі медиа-кеңістікті бүгінгі деңгеймен салыстыруға тіптен келмейді. Ең бастысы, отандық БАҚ уақыт көшінен қалмай, қарқынды дамып келеді. Дегенмен әр заманның өз талабы, әр кезеңнің өз міндеті бар. Бүгінгі таңда бұл салада да шешімін таппай отырған түйткілді түйіндер жетерлік.
Сондықтан өз басым бүгінгі іс-шара «сылдыр сөзге» емес, тұщымды ойға, пайымды пікірге бай, ұтымды ұсыныстарға тоқ нағыз пікірталас алаңына айналады деп сенемін. Бұл тұрғыда сіздердің белсенділіктеріңіз бен шынайы жанашырлықтарыңыз қажет, – деді Аида Балаева.