07 қаз, 2020 сағат 14:37

Ағылшын маманы Пол Эшуорт «Астана» футбол клубынан кетті

Ағылшын маманы Пол Эшуорт «Астана» клубынан кетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Астана» футбол клубы мәлім еткендей, тараптар келісіміне сәйкес П.Эшуортпен еңбек шартын қысқарту туралы шешім қабылданды.

Пол Эшуорт елордалық клубта 2019 жылдан бері атқарушы директор қызметін, соңғы айда бас бапкер міндетін қоса атқарды. Осы мерзімде «Астана» екі мәрте Қазақстан суперкубогын ұтып алды. Ел чемпионы атанып, Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Онда ағылшындық «Манчестер Юнайтед» командасын жеңді.

«Астана» футбол клубы П.Эшуорттың қызметіне ризашылық білдірді.

Қазіргі кезде жаңа бас бапкерді іздеу жұмыстары жүргізілуде. 

Елордалық команданың биылғы қарқыны көңіл көншітпей тұр. Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы Чемпиондар мен Еуропа лигасынан ерте шығып қалды. 

Ел чемпионатында да Алматының «Қайратынан» сегіз ұпайға кейін қалып отыр.