17 нау, 2021 сағат 12:41

«Аграрлық несие корпорациясы» жеке ұйым мәртебесін сақтап қалады

Премьер-Министр Асқар Мамин Мәжілістен түскен депутаттық сауалға берген жауабында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының функционалы қай ұйымға берілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ол Мәжіліс өкілдері Елнұр Бейсенбаев, Юрий Жулин пен Ерлан Саировтың депутаттық сауалына берген жауабында жазды. Жауаптағы мәліметке сүйенсек, бұған дейін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» тиесілі фикнуционалдық міндеттердің басым бөлігі енді «Аграрлық несие корпорациясына» берілмек. Қос ұйымның құрылтайшысы болған «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингін біріктіру шарасы осындай шаралар қабылдауға себепкер болған көрінеді. 

«Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Қазагро» ҰБХ» АҚ-ны біріктіруді тапсырды. Агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық маңыздылығын ескере отырып және бір ұйым шеңберінде жинақталған салалық жұмыс тәжірибесін сақтау мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ құрамындағы жеке еншілес ұйым мәртебесін сақтап қалу керек деген шешім қабылданды. Ол өзінің жарғылық қызметін «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ функционалының бір бөлігімен толықтырады. Сондай-ақ микрокредиттеумен «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылатын микроқаржылық ұйымдар ауылдағы қосымша айналысады», - деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.