Грекияда күн қатты суытып кетті. «Медея» циклонының әсерінен көптеген қаланы, соның ішінде Афина мен ежелгі антика мәдениетінің әйгілі ескерткіші Акропольді қалың қар басып қалды, деп хабарлайды BBC агенттігі.
Грекияның солтүстік-батысындағы Флорина қаласында температура минус 19 градусқа дейін төмендеді. Қалың қардың салдарынан елдегі көлік қозғалысы тоқтап қалды. Осы себепті халықты коронавирусқа қарсы вакцинациялауды ішінара тоқтатуға тура келді.
Ал Афинада температура нөлге дейін төмендеді, бұл - Грекия астанасы үшін ерекше құбылыс. Күннің күрт суытуы салдарынан елде үш адам өлді. Грекияның босқын лагерьлеріне жылытқыштар, қалың көрпелер жеткізілді.
Грекияның премьер-министрі Кириакос Мицотакис жергілікті тұрғындарды үйлерінен шықпауға шақырды. «Энергиямен жабдықтау жұмысына қатты алаңдап отырмыз. Осы қиыншылықтан өту үшін бізге шыдамды болу қажет. Мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған», - деді ол Үкіметтің шұғыл отырысы кезінде.
Ежелгі сәулет өнерінің Афинадағы ең танымал ескерткіштері қар астында қалды.
Метеорологтардың айтуынша, мұндай қар соңғы рет Афинада 2008 жылы жауған.