Афинада Кітапханалық қауымдастықтар мен мекемелері халықаралық федерациясының 85-ші Конференциясы шеңберінде ҚР Ұлттық кітапханасы мен ҚР Грекиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен «Abai - Uly Dalanyń aqyny» атты әдеби кеш өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елшілікке сілтеме жасап.
Іс-шараға Грекияның беделді академиялық, іскерлік өкілдері және де грекиялық қоғам және мәдениет қайраткерлерінен құрылған үлкен топ қатысты. Сонымен қатар, қонақтар қатарында дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар басшылары, журналистер, бұрынғы отандастарымыз бен қазақ диаспорасының өкілдері болды.
Әдеби кеште сөз бастаған Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Алексей Волков ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 30 мамырда халқымыздың ұлы ойшылы мен ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175-жылдығын 2020 жылда атап өту туралы тиісті Жарлыққа қол қойғанын айтты. Ол Хәкім Абайдың шығармашылығына грекиялық ойшылардың рухтандыратын зор ықпалы тигендігіне орай, іс-шара грекиялық ұлы философтардың отанында өтуі аса символикалық мәнге ие екендігін сөзіне тиек етті. Осы орайда, Елші Абайдың 27-ші қара сөзі – «Сократ хәкімнің сөзі» деп аталатындығын ерекше атап өтті.
Іс-шара барысында отандық елші Қазақстан мен Грекияның Ұлттық кітапханалары басшыларына ҚР Елшілігі пен «MM Publication» грекиялық компаниясының ортақ туындысы «Қазақстанның Ұлттық кітапханасындағы грек тіліндегі кітаптар каталогын» сыйға тартты. Бұл тақырыптық каталог Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үлкен кітапханаларының бірінде сақталған грек тіліндегі кітаптардың жүйелендірілген бірегей жинағы болып табылады. Отандық дипломат басылым ішіндегі көптеген еңбектер тұңғыш каталогқа енгізілуіне орай, ерекше ғылыми құндылыққа ие екендігіне тоқталды.
Өз кезегінде, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова ҚР Елшілігі мен грекиялық тарапты әдеби кешті өткізуге қолғабыс көрсеткендері үшін алғыс білдіріп, қатарында Абай туралы 1909 жылы тұңғыш жарық көрген кітаптың көшірмесі мен ақынның шет ел тілдерінде басылып шығарылған заманауи басылымдардан құрылған коллекциялық жинақты табыстады.
Әдеби кештің аяғында Грекияны Қазақстанмен одан әрі таныстыру мақсатымен отандасымыз Игорь Тойкиннің орындауында Абай әндері шырқалып, ұлы ақынымыздың еңбектерінің кішігірім көрмесі ұйымдастырылды.