06 қаз, 2024 сағат 11:30

АЭС-ті кім салады: Тоқаев жауап берді

Фото: Ақорда

АЭС бойынша референдумда дауыс бергеннен кейін БАҚ өкілдеріне шағын сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Референдум қорытындысы бойынша халқымыз АЭС салуды қолдаса, оның құрылысын қай ел жүргізеді?" деген сұраққа жауап берді.

"Бұл оңай мәселе емес. Үкімет талдау жасап, тиісті келіссөздер жүргізуге тиіс. Менің пікірімше, Қазақстанда ең озық технологиялары бар әлемдік компаниялардан құралған халықаралық консорциум жұмыс істеуі қажет. Қалғанын уақыт көрсетеді", – деді Мемлекет басшысы.


Осыдан кейін президент ел Үкіметінің жұмысын бағалады.

"Қазақстан Үкіметі қазіргі құрамда тура 7 ай жұмыс істеді. Референдумнан кейін оның құрамы өзгереді деген болжамдар айтылып жүр. Үкіметтің жұмысына көңіліңіз тола ма?" - деп сұрады журналистер.

"Меніңше, Үкімет тырысып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы ретінде мен жүктеген тапсырмаларды орындап келеді. БАҚ-та көріне бермеуі мүмкін, біздегі жұмыс өте қауырт. Өйткені, ақпараттарды алып отырамын. Жалпы, мен оқитын адаммын. Сондықтан барлық оқиғадан үнемі хабардармын. Әрине, министрлердің, Үкімет басшылығының жұмысында кемшіліктер бар. Бірақ, 7 ай – қысқа ғана мерзім. Үкімет мүшелері өздерін көрсетуі тиіс. Басты міндет – еліміздің экономикалық өсім көздерін іздеу", - деп жауап берді Мемлекет басшысы.


Журналистер Президенттен биыл көктемдегі алапат су тасқынынан кейін қандай қорытынды жасалғанын сұрады.

"Тиісті қорытынды жасалды. Бірақ мұндай табиғат апаты бүкіл жер шарында орын алып жатқанына баса мән беруіміз керек. Жақында ғана Орталық Еуропада алапат тасқын өтті. Оның алдында АҚШ пен Вьетнамда дауыл болды. Сондықтан мұндай апаттарды алдын ала болжау қиын. Дегенмен ондай жағдайға дайын болып, қажетті шаралар қабылдау маңызды. Қазақстан ешкімнің көмегінсіз тасқынның салдарын еңсере алды. Мұны ашық айту керек. Біз адам және қаржы ресурстарын осы іске жұмылдырдық. Үкімет пен әкімдер белсенді жұмыс істеді. Оның нәтижесін көріп отырсыздар. Алапат тасқын кезінде зардап шеккен азаматтар жаңа баспанамен қамтылды. Мен бұған дейін ешкім назардан тыс қалмайды деп уәде бердім. Жалпы алғанда, біз бұл мақсатты орындадық",– деді Мемлекет басшысы.