Адвокат Жохар Өтебеков (сол жақта) Арман Шораевпен (ортада) бірге тұр. Алматы, 20 сәуір 2020 жыл. Сурет Жохар Өтебековтің Facebook парақшасынан алынды.
25 сәуірде адвокат Жохар Өтебеков ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі, белгілі журналист Арман Шораевтың үстінен қозғалған қылмыстық істің тоқтағанын хабарлады.
"ІІМ тергеушісі қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан жалған ақпарат тарату ісі бойынша Арман Шораевтың үстінен қозғаған қылмыстық істі қазір ғана тоқтатты" деп жазды Өтебеков Facebook-тағы парақшасында.
18 сәуірде Алматы қалалық полиция департаменті ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бұрынғы мүшесі Арман Шораевтың уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлаған. Ол "төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы бойынша күдікке ілінген. Кейіннен адвокаты Шораевтың қолхатпен қамаудан босап шыққанын хабарлаған.
Арман Шораев - ҚР Президенті жанындағы БАҚ (ақпараттық саясат) жөніндегі Қоғамдық кеңестің бұрынғы мүшесі. Ол 2006 жылы - "Хабар" Агенттігі" АҚ Бас директорының орынбасары, 2006-2007 жылдары - ҚР Президенті Әкімшілігі Әлеуметтік-саяси бөлімінің бас инспекторы, 2007-2014 жылдары - "Коммерциялық телевизиялық арна" АҚ бас директоры болған.