29 қар, 2019 сағат 14:40

Адвокат: Алмазбек Атамбаевты сотқа мәжбүрлеп әкелді

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты 29 қарашада қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевты түрмеден заңсыз босату ісі бойынша сот отырысына алғаш рет мәжбүрлеп жеткізді. Бұл туралы Атамбаевтың адвокаты Сергей Слесарев хабарлады.

"Мәжбүрлеп әкелді, бірақ ол қарсыласқан жоқ. Қазір ол сот залында емес, кабинетте отыр" деді Слесарев Азаттықтың Қырғыз қызметіне.

Бұған дейін Атамбаев сот процесіне қатысудан бас тартатыны туралы бірнеше рет мәлімдеген. Сот тыңдауы қазанда Атамбаевтың қатысуынсызз басталған.

Сотта қаралып жатқан қылмыстық іс аясында 63 жастағы Атамбаевқа Қырғызстан парламенті депутаты мен полиция қызметкерін өлтіру сияқты бірнеше ауыр қылмысқа айыпты деп танылып, ұзақ жылға сотталған Азиз Батукаевты 2013 жылы түрмеден заңсыз босатуға байланысты айыптар тағылғаны туралы тамызда сотта жарияланған.

2013 жылы 9 сәуірде Нарын қаласының соты дәрігерлердің "жазылмайтын дертке шалдыққан" деген қорытындысы негізінде Азиз Батукаевты түрмеден мерзімінен бұрын босатқан.

Қазір сот қарап жатқан қылмыстық іс бойынша бірнеше бұрынғы лауазымды шенеунік пен медицина қызметкерлеріне айыптар тағылған. Бұл іс бойынша барлығы 19 күдікті болған. Бұрынғы президенттің адвокаты Сергей Слесаревтің Азаттықтың Қырғыз қызметіне айтуынша, тергеу құжатында 14 адам "қылмысқа қатысушыларды әшкерелеуге көмектесуге келіскендер" деп көрсетілген.

Атамбаев өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, мойындаудан бас тартқан. Егер сот оны айыпты деп таныса, Атамбаев 15 жылға дейінгі мерзімге бостандығынан айырылуы мүмкін. Бішкектің іргесіндегі үйіне өзін тергеуге мәжбүрлеп жеткізу мақсатымен барған милиция жасағына жақтастарымен бірге екі күн бойы қарсыласқаннан кейін Атамбаев биыл 8 тамызда ұсталып, қамауға алынған. Оған дейін Ішкі істер министрлігі үш рет шақырғанымен, бұрынғы президент тергеуге барудан бас тартқан.