Қазақстандық режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» көркем фильмі екі халықаралық байқауға қатысып жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақфильм киностудиясына сілтеме жасап.
«Достар, біз өткен жылы Венеция кинофестиваліндегі премьерасымен дүниежүзі кинокөрсетілімдер арқылы салтанатты шеруін бастаған Әділхан Ержановтың «Сары мысық» көркем фильмінің жаңа жетістіктері туралы қуана хабарлаймыз. Кинотуынды 45-ші Гонконг Халықаралық кинофестивалінің бағдарламасына «Авторлар» бөліміне кірді, сонымен қатар беделді ресейлік «Ника» киносыйлығының «ТМД, Балтық Грузия елдерінің үздік фильмдері» номинациясына ұсынылды», делінген хабарламада.
«Бұл үлкен қуаныш пен абырой, мен біздің ұжымның еңбегі елеусіз қалмағанына қуаныштымын. «Сары мысықтың» шығармашылық ұжымын фильмнің кезекті жетістігімен құттықтаймын!» – деп жазды фильмнің режиссері Әділхан Ержанов Facebook-тегі парақшасында.