Режиссер Әділхан Ержановтың «Сары мысық» көркем фильмі 77-ші Халықаралық Венеция кинофестивалінің «Көкжиектер» конкурстық бағдарламасына қатысады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазақфильм» книостудиясына сілтеме жасап.
Әлемнің ең ірі және беделді фестивалдерінің бірі биыл 2-12 қыркүйек аралығында жанды форматта өтеді. «Көкжиектер» бағдарламасының халықаралық қазылар алқасын атақты француз киногері Клэр Дени («Жақсы жұмыс», «Іштегі жайдарлы шуақ», «Ақсүйектер қоғамы») басқарады.
«Сары мысық» («Желтая кошка»)кинотуындысын Short Brothers (Қазақстан) компаниясы, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ (Қазақстан) және Arizona Productions (Франция) киностудиясының қатысуымен ZERDE FILMS (Қазақстан) компаниясы түсірген.
«Сары мысық» – режиссер Әділхан Ержановтың тоғызыншы толықметражды көркем фильмі. Түсірілім жұмысы былтыр Алматы облысында өтті. Фильмнің бас продюсерлері: Әсел Сәдуақасова, Қанат Битеміров және Ербол Тойбаев.
«Мен үшін Кермек кейіпкерлеріміздің ішіндегі ең мейірімдісі, оның қазіргідей күрделі уақытта пайда болуында да бір мән бар. Әрине, «Көкжиектер» бағдарламасына қатысатынымызға қуаныштымын. Менің ойымша, Венеция кинофестивалінің бұрыңғы форматта өтуінің өзі, тұсаукесері болатын кез келген фильм үшін үлкен сәттілік. Осындай мүмкіндік үшін фестиваль іріктеушілеріне және шығармашылық ұжымға алғыс айтамын», - деді Әділхан Ержанов.
Фильм қазақстандық «Бонни мен Клайдтың» оқиғасын баяндайды. Түрмеден шығып, елге оралған Кермек есімді жас жігіт, өзінің туып-өскен қаласында белгілі бір қылмыстық топтың өз заңдарын орнатқанын көреді. Ева атты сүйіктісі де осы адамдардың қысым көрсетуімен теріс жолға түсіп кеткен, Кермек те қылмысқа белшесінен батуға мәжбүр болады. Дегенмен ол сүйген қызбен бірге еркіндікке қол жеткізіп, кинотеатр салу туралы арманын іске асырмақ болады...
Кермекті ресейлік актер Азамат Нығманов ойнайды. Көрермендер оны Алексей Мизгиревтің «Конвой», Андрей Шальопаның «28 панфиловшылар» картинасы арқылы біледі. Еваның рөлін Нариман Төребаевтың «Грязь большого города», Әлішер Сүлейменовтің «Шатыр үстіндегі бұлт» картиналарына түскен қазақстандық жас актриса Камила Нұғманова сомдайды. Екі актер де Ержановтың картинасына алғаш рет түсіп отыр. Жамбас есімді қылмыскердің рөлін осыған дейін режиссердің «Атбайдың шайқасы» және «Ұлболсын» фильмдеріне түскен актер Санжар Мәди ойнайды. Сонымен қатар, фильмге Еркін Ғұбашев және Ержан Жаманқұлов түскен, олар Ержановтың басқа да картиналарына қатысқан болатын.
Фильмнің сценарий авторлары - Әділхан Ержанов пен Инна Смаилова. Продюсерлік міндетті режиссердің тұрақты әріптестері Серік Әбішев пен Ольга Хлащева атқарды. Картинаның ко-продюсері француз маманы Гийом де Сиель. Фильмнің операторы осыған дейін Әділхан Ержановтың «Үкілі кәмшат» және «Атбайдың шайқасы» фильмдерін таспалаған – Еркінбек Пітірәлиев. Қоюшы-суретші – Ермек Өтегенов, музыкасын жазған қазақстандық танымал композитор Алим Заиров.