04 қыр, 2024 сағат 13:27

Әділетті Қазақстанды сындарлы диалог арқылы құрамыз — Максим Споткай

Фото: Kursiv.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.

Айтылған бастамалардың бәрі еліміз Президентінің экономикалық және саяси реформаларды жүйелі жалғастырудың элементтері болып табылады. 

Мемлекет басшысы алдағы кезеңдегі Қазақстанның одан әрі дамуының стратегиялық 9 бағытын атап өтті.

Президент ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы алшақтықты жою негізгі басымдықтың бірі екенін жеткізді. Оның ішінде, тұрақты салық саясатының қажеттілігі, әкімшілендіруді толық цифрландыру арқылы Салық кодексін жеңілдету және салық режимдерін оңтайландырудың маңыздылығы айтылды.

Мұның бәрі кәсіпкерлер мен бизнес иелері арасында қалыптасқан «ойын ережесін» қажет ететін сұрақтарға нақты және болжамды жауап.

Мемлекеттің салық саясатындағы ұдайы өзгерістер жеке бастаманың даму процесінің тежелуіне әкеледі. 

Президент экономикаға көбірек қаржы салуға банк секторын ынталандыру қажет екенін атап өтті. «Банктер туралы» жаңа заң әзірлеу және қабылдау жоспарланып отыр. Бұл жерде күрделі және дағдарыс жылдарында осынау қаржы институттарына мемлекет тарапынан қолдау көрсетілгенін еске алу маңызды. Енді азаматтар экономиканы дамыту мен адамдардың әл-ауқатын арттыруға атсалысу үшін банктерден нақты қайтарым күтеді. 

Мемлекет басшысы одан әрі реформалардың маңызды бағыттарының бірі ретінде инвестициялық ахуалды және бизнесті жүргізу үшін жағдайды жақсарту қажеттігін атап өтті. Үкіметке инфляцияны бәсеңдету және елдің халықаралық резервтерін нығайту тапсырылды.

Инвесторларға өндірісті дамыту мақсатын көздейтін преференциялар әзірленетін болады. Жоғары қайта бөлінген өнім шығаратындарға барынша тиімді жағдай жасалып, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жеңілдіктер берілуі керек. Шикізат сату және оны Қазақстаннан әкететін уақыт өтті. Соңғы жылдары елімізде әртүрлі салаларда жоғары өңдеу және сапалы өнім шығаруға жағдайлар жасалды. Ол үшін бізде - шикізат, технология, кадрлар – бәрі бар.

Алдымызға өрелі міндет қойылды – 2029 жылға қарай экономикадағы орта бизнестің үлесін кемінде 15%-ға дейін ұлғайту керек. Бұл мақсатқа жаппай кәсіпкерлік рухын дамыту, монополияларды шектеу және әртүрлі салаларда бәсекелестік үшін нақты мүмкіндіктер жасау шартымен қол жеткізуге болады.

Бұл тапсырманы орындау орасан зор мультипликативті әсер етеді. Біз бір жағынан кәсіпкерлер жаңа шоғырын қалыптастырамыз және шағын және орта бизнесте жұмыс істейтіндердің санын арттырамыз. Екінші жағынан, тауарлар мен қызметтерді өндіру саласы айтарлықтай серпін алады, олардың бір бөлігі экспортқа бағытталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін толық ашу үшін күш-жігерді жүйелі түрде іске асыруды стратегиялық мақсат деп атады. Мемлекеттік сатып алуларда және тұтастай алғанда өндірістерде отандық шикізат пен өзге де бөлшектерді пайдалану өте маңызды.

Сапалы және тұрақты экономикалық өсудің негізі бірінші кезектегі инфрақұрылымдық проблемаларды шешу болып табылады.  2024 жылдың соңына дейін энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны бекіту тапсырылды. Теміржол саласын реформалау және 12 мың шақырымға жуық автомобиль жолдарын жөндеу және салу қажет.

Осының бәрі біздің транзиттік әлеуетімізді ашып қана қоймай, түрлі қызметтер көрсету бойынша ілеспе кәсіпорындар мен сервистік компанияларды дамытуға мүмкіндік береді.

Атом электр станциясының құрылысы жөніндегі 6 қазанда өтетін референдумға жеке тоқталу керек. Бұл Президент Тоқаевтың азаматтарды шешім қабылдау үдерістеріне тарту мен ашықтық бағытын айқын көрсететін маңызды бастамасының бірі. 

Мемлекет басшысы еліміздің кадрлық әлеуетін дәйекті түрде арттыруға ерекше назар аударып отыр.

Президент елімізге аса маңызды болып отырған: су саласының мамандарын, құрылысшылар мен энергетиктер және басқа да көптеген қызметкерлерді даярлауға мемлекеттік тапсырысты ұлғайту қажеттігін атап өтті.

Су тасқыны, энергетика объектілеріндегі төтенше жағдайлар және басқа да кейінгі кездегі оқиғалар арнаулы сала мамандары болмайынша инфрақұрылым объектілерінің тозуына байланысты қауіп-қатермен күресу мүмкін еместігін көрсетті.

Ол үшін салалық министрлік нарықтың қажеттілігін нақты біліп, Қазақстанның қазіргі экономикасы жағдайында кадрларға зәрулікке талдау жасалуы тиіс.

Еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында жоғары білім беруді сан-салалы мақсатта ұлғайту және педагогикалық жоғары оқу орындарына іріктеуді күшейту жалғасатын болады. Шетелдік университеттерді Қазақстанға тарту, бір жағынан, осы нарықтағы бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Екінші жағынан, ол оқу процесінің сапасын жақсарту үшін жұмыс істейді.

2024 жылғы Жолдауда белгіленген стратегиялық міндеттердің бірі – ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыру және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта жаңғырту екені айтылды. Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйе құрылады. Сондай-ақ, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы төлемдер жалғасады.

Президент елімізде экологиялық жағдайды жақсарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды дамыту мәселесі шешілуі тиіс екенін атап өтті. Мемлекет басшысы табиғатты қорғау мәселесінде бизнестің жауапкершілігін арттырудың маңыздылығына тоқталды. Ормандар мен далаларды өрттен қорғау және Қазақстанның бірегей флорасы мен фаунасын сақтауға баса назар аудару аса маңызды міндет екені даусыз.

Үкіметке мемлекеттік басқарудың тиімділігін түбегейлі арттыру міндеті қойылды. Бюджет қаржысын тиімді пайдалану, шығындарды шектеу және қатаң бақылау болуы керек. 

Ең басты бағдар – «көрпеге қарай көсілу».

Ұлттық қор қаржысын тек стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін ғана пайдалану керек. 

Президенттің айтуынша, қоғамда бірыңғай заң мен тәртіптің идеологиясы алға шығуы тиіс. Мемлекет басшысы Қазақстанды жайлы және қауіпсіз өмір аумағына айналдыру – басты міндет деп атады. Сондай-ақ түрлі алаяқтық схемаларға қазақстандықтардың иммунитетін күшейту жөнінде шаралар қабылдау керектігі тапсырылды. Бұл әсіресе соңғы кездері аса маңызды болып отыр.

Осы міндеттердің бәрін орындау үшін, әрине, бүкіл мемлекеттік аппарат, депутаттық корпус, бизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар және еліміздің барлық азаматтары тізе қосып, бірігуі қажет. Біз тек сындарлы диалог арқылы ғана нағыз Әділетті Қазақстанды бірге құра аламыз.

Максим СПОТКАЙ,
ҚР Парламенті Сенаты Аппаратының Басшысы