29 мам, 2017 сағат 11:33

Әділет министрлігі Қазақстанда адвокаттар қызметінің құны жоғары екенін айтты

Қазақстанда адвокаттар тапшы. Бұл туралы Мәжілісте «Нотариат және адвокатура институттарын одан әрі дамыту және реформалау» тақырыбында Үкімет сағатында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі кезде еліміздің адвокатурасы Республикалық адвокаттар алқасымен және 16 аумақтық алқамен қамтылып отыр. Қорғаушылар корпусының жалпы саны төрт мыңға жуық. Дегенмен де бүгінде Қазақстанда адвокаттардың жетіспеушілігі байқалуда, яғни олардың қазіргі саны азаматтардың заңгерлік көмекке толыққанды қолжетімділігіне жеткіліксіз», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, елімізде шамамен бір қорғаушыға шаққанда шамамен 3 900 азаматтан келеді. Мәселен, бұл көрсеткішке Италияда -260, Германияда - 500, ал Англияда 900 адамнан тиесілі. Бүгінде адвокаттардың жетіспейтіндігі туралы мәселені Жоғарғы Сотта да көтерілуде.

«Елімізде осындай қызметтерге мұқтаж азаматтар оны тиісті деңгейде алмауда немесе қызметтің құны тым жоғары. 2013-тен 2016 жыл аралығында қорғаушылардың саны біршама өсті, яғни шамамен 300 адамға артты», - дейді Бекетаев.

Бүгінде осы кәсіпке кіру үшін қолданыстағы рәсімге жасалған талдауға тоқталатын болсақ, адвокат болу үшін жоғары заңгерлік білімді меңгеріп, адвокаттар алқасында алты айдан бір жылға дейінгі мерзімде тағылымдамадан өтуі тиіс. Сонымен қатар олар аттестацияны еңсеріп, қорғаушылар алқасы мүшелігіне енуі қажет.  

«Тағылымдама ақылы және оның құны жылына 140-тан 280 мың теңгеге дейін. Алқаның құрамына ену үшін өңірлерге байланысты бастапқы жарна 700-ден 800 мың теңгеге дейін жетеді. Заңға сәйкес, жарнаның мөлшерін анықтау  облыстық адвокаттар алқасының құзырына тиесілі. Осы арқылы адвокат мәртебесін алу үшін бірнеше күрделі рәсімнен өтіп, 1 млн. теңгеге жуық қаржы төлеу қажет болада», - деп нақтылады ведомство басшысы.

Осы орайда Әділет министрлігімен аталған мамандыққа қолжетімділікті жеңілдету үшін Республикалық адвокаттар алқасымен бірлесе бастапқы жарнаны 100 АЕК-ке дейін (226 900 теңге) және тағылымдаманы айына 5 АЕК-ке дейін (11 345 теңге)  төмендету мәселесі қаралуда.