17 қаң, 2020 сағат 13:28

Әділет министрі алимент төлеу бойынша қор жұмысының тәртібін түсіндірді

Алимент төлеу бойынша қорды құру ақшаны тегін таратуды қарастырып отырған жоқ. Бұл туралы Әділет министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейін ведомствоның басшысы Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ақшаны тегін тарату деген болмайды. Осы орайда қор құрылғаннан кейін барлық берешек қаражат өзінен-өзі жабылады деп ойлау дұрыс емес», - деді М. Бекетаев тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бүгінде мұндай қордың екі моделі бар. Біріншісі – кредиттік модель, ал екіншісі қайырымдылық негізде қызмет етеді. Кредиттік модель банктік займдар қағидасы бойынша жұмысты ескереді. Бұл тұрғыда адам еңбекақы алғанша дейін тиісті кезеңге алимент төлеу үшін қаражат сұрай алады.

Екінші модельге сәйкес, яғни қайырымдылық қор аясында ақша қайтарымсыз беріледі. Алайда барлығына бірдей беріле бермейді.

М. Бекетаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда қайырымдылық модельді пайдалану ұсынылып отыр.

«Ақша ең қиын жағдайларда беріледі. Адамдар сыртқатқа шалдықса немесе мүлдем қиын жағдайға тап болса, басқа мүмкіндіктер болмаса, қолдау жасалады. Қайырымдылық модель тиісті комиссия мен кеңесті құруды ескереді. Оның құрамына тәжірибелі мамандар тартылады. Шешім қабылдарда комиссия шақыртылады. Мәселен, бір адамдарға 100 мың теңге, кейбіріне 500 мың теңге қажет болуы мүмкін», - деді министр.