Биылғы жылдың берекелі жыл ғана емес, тарих қойнауына қасиетті Тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерекелі жылы ретінде еніп бара жатқаны барлық қазақстандықтар сияқты мені де қуантады, жаныма шуақ, сезіміме сұлулық сәулесін себеді. Ата-бабаларымыз Тәуелсіздікті сан ғасыр бойы армандаса, сол жолда бастарын бәйгеге тікті. Ал Тәуелсіздіктің арайлап атқан таңының нұрына бөлену біздің ұрпақтың еншісіне бұйырыпты.
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Сондықтан оны баянды ету, желбіреген көк Туымызды қолдан түсірмей, биік етіп ұстау Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан халқына ауқымы кең, шешілу жолдары күрделі міндеттер жүктеді. Сол міндеттерді орайымен еңсеріп, алдымызда тұрған асқар таудай асулардан, теңіздей терең өткелдерден өтудің қырлары мен сырларын меңгердік, дамудың даңғыл жолдарын таңдап, Елбасы бастап, халқы қоштап, егемен көш-керуеніміз болашаққа сәтімен бет түзеді.
Бүгінгі күнде Қазақстан Республикасы демократия қағидаларын басшылыққа алған, асыл қазынасы мен байлығын – Қазақстан халқы деп танитын, экономикасы қарыштап дамыған, әлемнің саясы сахнасында айтар сөзі, өзіндік орны, алыс және жақын шет елдердің арасында айтулы беделі бар мемлекет ретінде орнықты. Осы жолда мемлекеттік биліктің дербес саласы – сот билігінің, қазақстандық сот жүйесінің даму, нығаю жолдарын еліміздің тарихи тағдырынан бөліп алып қарастыру мүмкін емес.
Тәуелсіздікке қол жеткен алғашқы жылдардан бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік құқықтық саясаттың негізі – тәуелсіз сот жүйесін құру туралы бастама көтерді және мемлекеттік деңгейде нақты іс-шаралардың бағдарламасы әзірленді. Республикамыздың 1993 жылы қабылданған тұңғыш Ата Заңында мемлекеттік биліктің атқарушы, заң шығарушы салаларымен қатар, сот билігі туралы қағидат қарастырылып, ал 1995 жылы Бүкілхалықтық дауыс беру жолымен қабылданған Ата Заңымызда аталған биліктің саласы мызғымас құқықтық кепілдікке ие болды.
Қазақстандық сот жүйесінің алдында Қазақстан халқының Ата Заңмен және соған байланысты қабылданған басқа да заңдармен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың сеніміне ие болу, заң үстемдігін қамтамасыз ету сияқты абыройлы да жауапты міндеттер тұрды. Ал ел Президентінің 1994 жылы 12 ақпандағы Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы құқықтық реформаны дамыту туралы» бағдарламасы еліміздің сот құрылысы мен сот өндірісін дамытуда, тиісті бағыттарды айқындауда айтарлықтай рөл атқарды.
Жаһандану мен жаңғырудың тәсілі ретінде сот жүйесінің қызметін жаңаша ұйымдастыруда соттарды мамандандыру жолы таңдап алынды. Реформа белестерін бағындыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан материалдық-құрылымдық шаралардың тиімділігін өмір өзі дәлелдеп берді. Нақты деректерге сүйенетін болсақ, еліміздің барлық аймақтарында 2002 жылы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар, 2004 жылы мамандандырылған әкімшілік соттар, 2010 жылы қылмыстық істер жөніндегі, ал 2012 жылы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі соттар құрылды.
Айта кететін жағдай, жаңа қоғамдық қатынастарды реттеуге арналған заңнамалық бастамаларға қолдау көрсетіліп, жаңа үлгідегі Қазақстан Республикасының қылмыстық- процестік, Азаматтық процестік, Қылмыстық-атқару, Еңбек кодекстері қабылданды. ХХІ ғасырдың екінші он жылдығында мемлекетіміздің сот жүйесі халықаралық талаптар мен стандарттар қағидаларына толығымен жауап беретін, білікті және тәжірибелі судьялар еңбек ететін, материалдық жабдықтау тұрғысынан толығымен қамтылған, Конституция қағидаларына негізделген ерекше өкілеттіктерді жүзеге асыратын мемлекеттік биліктің органы ретінде қалыптасты.
Елімізде «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылдануы мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық өміріндегі ең айтулы оқиға болды. Бес институттық реформаның басты бағыттарының бірі – заң үстемдігін қамтамасыз етуді жүзеге асыруда отандық сот жүйесінің алдына айрықша міндеттер қойылды.
Бүгінде біз, осы міндеттердің тыңғылықты түрде іске асқанын мақтанышпен айта аламыз. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде үш сатылы сот жүйесі жұмыс істей бастады. Сот сатыларын оңтайландыру бастамасы бірінші кезекте істердің қаралу мерзімін барынша қысқартуға бағытталған еді. Сонымен қатар, істерді оңайлатылған, қысқартылған өндірістерде қараудың заңмен реттелген процессуалдық мүмкіндіктері, татуласу рәсімдері мен келісімдерін, медиация, партисипативтік тәсілдерді кеңінен қолдану оң нәтижелерге жол бастады. Пікіріміз дәйекті болу үшін мынадай ресми мәліметтерді келтіре кетейік.
2016 жылдың он айының қорытындысы бойынша оңайлатылған (жазбаша) өндірісте қаралған азаматтық істердің саны өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 55 430 істен 132 841 іске артты. Ал қысқартылған тәртіппен қаралған қылмыстық істердің саны 1 738 істен 3 218 іске көбейді. Келтірілген көрсеткіштер алға жүрудің айқын көрінісі емес пе?
Республикамызда алқа заседательдерінің қатысуымен қаралатын қылмыстық істердің санаттары толықтырылып, сот төрелігін жүзеге асыруға халық өкілдерін тартудың аясы кеңейді.
Жоғарғы соттың құрамында алғаш рет ірі инвесторлардың қатысуымен қаралатын дауларды шешетін мамандандырылған сот алқасының құрылуы ел экономикасын дамытудың өзекті мәселелерінің бірі – шетел инвесторларын тартудың құқықтық кепілі ретінде қарастырылды.
Азаматтық істер бойынша сот процедурасы мен сот процестерін жүргізуді оңтайландыру және тездету мақсатында іс жүргізуге прокурорлардың қатысуын азайту туралы реформалық шара да қоғамдық қажеттіліктен туындаған мәселе еді. Сондықтан, Азаматтық процестік кодекске аталған мәселені реттейтін нормалардың енгізілуін уақыт талабы деп білеміз.
Сот төрелігін жүзеге асырудағы басты тұлға – судья екендігі баршамызға мәлім. Осы тұрғыда судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктерін көбейту және біліктілік талаптарын күшейту туралы шаралардың жиыны тиісті заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы орындалды.
Жаңашыл талаптар ретінде міндетті түрде сот істерін жүргізуге қатысудың 5 жылдық еңбек өтілі, кәсіби дағдысы мен іскерлігін тексеру үшін ахуалдық тестілер жүйесін ендіру, бір жылдық тағылымдамадан, содан кейін бір жылдық сынақ мерзімінен өту сияқты мәселелер қарастырылды.
Мемлекеттік басқару академиясының құрылымында болған Сот төрелігі институтын Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясы етіп қайта құру – сот жүйесінде қызмет атқаратын болашақ мамандарды кәсіби біліктілікке, судья мамандығының қыры мен сырын меңгеруге дайындаудың нақты жолы болып табылады.
Судьялар қауымдастығы өз міндеттерін атқару барысында Елбасы мен Қазақстан халқы алдында есеп беруі тиіс. Сондықтан, судьялардың жаңартылған Әдеп кодексін қабылдау ағымдағы жылғы 21 қараша күні Астана қаласында өтетін Судьялар одағының кезектен тыс VII съезінің күн тәртібіне енгізіліп отыр.
Тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаңаша даму жолына түскен жылдар аясында отандық сот жүйесінің халықаралық дәрежедегі беделі артып, біздің жүйедегі кейбір озық үлгілер мен бастамалар шетелдік әріптестеріміздің тарапынан қызығушылық тудыра бастағаны біздің дұрыс жолмен алға қарай дамып келе жатқанымыздың дәлелі деп білемін.
Айтылған жетістіктеріміз бен айқын мақсаттарымыз, асыл мұраттарымыз, сөз жоқ, Тәуелсіздік деп аталатын қасиетті құндылығымыздың нәтижесі екенін біз бір сәт те ұмытпаймыз және ұмытуға тиісті емеспіз. Өз Отаны мен халқын бойтұмарындай қастерлейтін, бабалардың аманаттарын ардақтайтын соттар қауымдастығының әрбір мүшесі Тәуелсіздігіміз мәңгілік, тұғырлы болуы үшін ар мен заң жолында аянбай еңбек етеді деп сенеміз.
«Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деп жазып кеткен екен асыл ағамыз Әбіш Кекілбаев. Тәуелсіздік – халқымыздың қанымен, көз жасымен, маңдайтерімен жазылған арманы, бақытымыздың қайнар көзі, болашағымыздың жарық жұлдызы, ұрпағымыздың асыл мұраты.
Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік, халқымыз бен Елбасымыз аман болып, табыстарға бірге жетейік.
Бағлан МАҚҰЛБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы