Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Ұлттар лигасындағы Словакияға қарсы кездесуден кейін ойын туралы пікірімен бөлісті, деп жазады Vesti.kz.
Екінші турдағы Трнава қаласындағы ойын 1:0 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды.
- Бірінші кезекте осы стадионда бізді қолдауға келген жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Біз оларды ойын бойы естіп тұрдық. Керемет қолдады. Біз өз алаңымызда ойнап жатқандай болдық. Жанкүйерлер бізге пікір жазып та қолдауда. Мен олардың барлығына рақмет айтқым келеді. Жеке өз атымнан және команданың атынан алғыс айтамын. Қолдауларыңызға тағы да алғыс айтамын. Біздің кей ойлағандарымыз ойдағыдай шықпай жатыр. Бірақ команда мақсатқа 100 пайыз жету үшін тарысады, - деп бастады әңгімесін Адиев.
- Словакияның ойынында сізді таңғалдырған дүние болды ма? Жалпы бұл топтағы жағдай туралы айта өтсеңіз...
- Қарсылас команда туралы пікір білдіруді дұрыс деп есептемеймін. Мен өзімнің футболшыларым туралы айтқым келеді. Дегенмен сұраған екенсіз, жауап бере кетейік. Сіздердің құрамаларыңыз мықты. Шебер футболшылар бар. Еуропадағы үздік чемпионаттарда доп тебеді. Құрамаларыңыздың болашағы жарқын деп есептеймін. Бүгін жеңілдіңіздер. Бұл футбол. Ондай-ондай болып тұрады. Мен бәрібір Словакияны осы топтың фовариті деп есептеймін. Ешбір командаға оңай болмайды. Соның ішінде өз алаңымызда өткізетін кездесулерде де. Турнир кестесінде әлі ештеңе шешілмеді. Енді ғана екі тур өтті. Әлі көп нәрсе өзгеруі мүмкін. Тек жақсы нәтиже үшін ойнаймыз. Ары қарай не боларын көреміз.
- Словакия құрамасын зерттеген шығарсыз. Бүгін қарсылас сізді таңғалдырды ма?
- Әрине, біз Беларусь құрамасына қарсы ойыннан кейін сараптама жасадық. Дейтұрғанмен, ешқандай бапкер екі күннің ішінде үлкен өзгеріс жасамайды. Сол құрамның қайта шығатынын күттім. Солай болды. Ал сіздердің құрамаларыңызды көргенде, өздеріне қатты сенімді екенін байқадым. Сондықтан біз сіздердің мықты тұстарыңызды тоқтатуға тырыстық. Жоғарыда айтқан сенімділік, сіздерге кері әсерін тигізді.
- Осы ойын алдында командада қандай тапсырма болды? Осы туралы тоқтала кетсеңіз...
- Тапсырма - жеңу болды. Сосын Асылан Дарабаев гол соқса екен дедік (күліп). Бұл туралы көп әңгіме айтуға болады. Қарсылас ойынның көп бөлігін позициялық шабуылда өткізетінін білдік. Сол сәтте қателіктер жіберетінін күттік. Қателік жасады. Біз оны оңтайлы пайдаланып, гол соғып, жеңіске жеттік.
Айта кетейік, енді келесі кездесуін Қазақстан құрамасы Сербияның Нови-Сад қаласында өткізеді. Қарсыласымыз - Беларусь құрамасы. Ойын Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 11 маусым күні өтеді.