Адамзат Жер шарына ауыл шаруашылығы және өзге де тәсілдер арқылы өзгерістер енгізіп, өзге тіршілік иелерімен салыстырғанда алғашқылардың бірі болып үстемдікке ие болғаны белгілі. Ал Дүниежүзілік археологтар қауымдастығы адамзат үстемдігі біз білген уақыттан да ерте, нақты айтқанда, 3000 жыл бұрын басталған деген шешім шығарды. бұл туралы Science журналына сілтеме жасап The New York Times басылымы xабарлады.
«Адамдар 3000 жыл бұрын аңшылық, мал бағу, егін егу, от жағуды меңгеру сияқты тәсілдермен планетаны меңгеруге, иелік етуге талпына бастады» деп жазады басылым. Автордың жазуынша, б.з.д. 1000 жылы Америкада майя өркениеті бастау алып, Қытайда Чжоу династиясы пайда болғанда Жер Шарының өзге аймақтарында адамдардың көбі егін шаруашылығымен айналыса бастаған. Зерттеу мақаласын жазған авторлардың бірі, географ, Балтимор өңірі, Мэриленд университетінің ғалымы, эколог Эрл Эллис осы ақпараттың негізінде, бұрын ойлағаннан 1000 жылға дейін ертерек адамзат Жер Шарына үстемдік ете бастағанын дәлелдеген. Зерттеуге 250 археолог қатысып, бұл ақпаратты растап отыр.
«Мәселен, италиялық Альпіде 3000 жыл бұрын егін егу, жерді өңдеу нақты болған. Егін шаруашылығы әлі күнге дейін аталған аймақта бар» дейді археологтар.
Басылымның жазуынша, «өткенді зерттемей тұрып, болашақты бағдарлау мүмкін емес». Сондықтан археологтардың осы жаңалығы климат пен жерді меңгеру саласында теңдессіз жаңалық болып отыр.
Зерттеуге қатыспаған археологтың бірі, Висконсин университетінің палеоэкологы Джон Уильямс та мақалаға оң бағасын берді. Оның айтуынша, «антропоцен, яғни, жердің экологиялық, климаттық жүйесіне адамзат тарапынан өзгерістер енгізу біз ойлағаннан бірнеше жүздеген жыл бұрын басталған және ол алдағы уақытта жаһандық климаттық өзгерістерді болжауды жеңілдетеді».
Айта кетерлігі, бұл зерттеу - археологтар жұмысының бастамасы ғана, зерттеушілер тың жаңалықтарға қол жеткізетіндеріне сенімді. Зерттеу жалғасуда.