Ұлттық Сандий зертханаларының ғалымдары жаңа қорытпаны жасап шығарды. Бұл - адам қолынан шыққан тозуға ең төзімді материал. Ғалымдардың жұмысы Advanced Materials журналында жарияланды, деп хабарлайды РИА Новости.
Ғалымдар аталмыш қорытпаны жасау үшін Жер бетіндегі ең сирек кездесетін металдар - алтын мен платинаны біріктірген. Зерттеушілердің айтуынша, жаңа материалдың мықтылығы сонша, одан жасалған автокөлік шиналары ұзындығы 40 075 шақырым жер экваторын бес жүз рет айналып шыға алады.
Зерттеушілер қорытпаның ерекше қасиеттерін дәлелдеу үшін оны атомдық деңгейде зерттеді. Сондай-ақ, ғалымдар жаңа материалды сынақтан өткізу кезінде оның беткі қабатында қара қабықша пайда болғанын айтты. Ол - алмаз тектес көміртек болып шыққан. Зерттеушілер аталмыш материалдың бұл қасиетін ең бағалы деп санайды.
Жаңа материалды әртүрлі электрондық құрылғылар үшін пайдалануға болады. Қорытпаны жұқалап смартфондардың жылжитын бөліктеріне жағатын болса, ұялы телефон ұзағырақ қызмет көрсетуі мүмкін. Материалдың мұндай қасиеттері өнеркәсіпке жылына 100 миллион долларға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.