Қазақстан аумағынан адамның ағзалары мен тіндері тек қана ҚР азаматтарына медициналық көмек көрсету үшін шығарылады. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кодекстің жобасын талқылау барысында Парламент Мәжілісінің жұмысы аясында жұртшылықтың пікірін ескере отырып, кей даулы нормалар пысықталды. Олар бойынша консенсус табылды. Кодекс жобасында Қазақстан аумағынан адамның ағзасы мен тіндері тек қана ҚР азаматтарына медициналық көмек көрсету үшін шығарылатын болды», - деді «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс пен «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша түзету енгізу жөнінде» ілеспе заң жобасын таныстырған министр.
Оның атап өтуінше, қайтыс болған адамның органдарын алуға келісім презумпциясына қатысты норма Қазақстан Республикасында 2009 жылдан бастап қолданыста.
«Ерікті түрде келісім беруді тіркеу немесе келісімді кері қайтарып алу медициналық ұйымдар көрсететін мемлекеттік қызмет болып саналады. Кодекс жобасында адамның тірі кезінде ағзасын алу бойынша ерік білдірмеген жағдайда келісімді бермеуге жұбайының, ал ол болмаған жағдайда жақын туыстарының бірінің құқығы бар екені көзделген», - деді Елжан Біртанов.