13 шіл, 2020 сағат 10:25

Адамдардың өмірін сақтап, өз өмірін қиды – Қайтыс болған дәрігер туралы әріптестер естелігі

«Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ МКК «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы, Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылған марқұм дәрігер Олег Исаев туралы естелік айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Исаев Олег Николаевич 1967 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында туған. 1994 жылы Семей мемлекеттік медицина институтын «Емдеу ісі» мамандығы бойынша бітірген. 2000 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Көкшетау қалалық ауруханасында жұмыс істеді. 2006 жылдан бастап қайтыс болғанша – анестезиология және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі болған. 2010 жылы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі атанған. 

«Ұжымда жұмыс істеген уақытында ол өзін жоғары білікті маман ретінде көрсетті. Мақсатты, жігерлі, ақкөңіл, мейірімді, ұйымдастырушы, ізденімпаз болды. «Анестезиология және қарқынды терапия», «Интенсивті терапия хабаршысы» мерзімді басылымдарында рецензия мен пікірталастар өткізді. Анестезиологтар мен реаниматологтар қоғамының жұмысына белсенді қатысты, «Қалалық ауруханада аз ағымды анестезияны қолдану тәжірибесі», «Миокард инфарктімен ауыратын науқастарда тромболиздік терапия», «Алкогольмен улану», «Желдетудің заманауи режимдері» тақырыптарында баяндама жасады. ЕКК ғылыми-практикалық конференцияларға, патологиялық және анатомиялық конференцияларға қатысты. Мақалалары «Медицина» журналында, ғылыми еңбектер жинағында үнемі жарияланып тұрды. Олег Николаевич Қазақстандағы анестезиолог дәрігерлердің ондығында болды. Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы – бірегей, заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған медициналық ұйымдардың бірі», - деп жазылған естелікте. 

COVID-19 коронавирустық инфекциясымен күрес басталған сәтте-ақ Олег Исаев өзінің кәсіби міндетін адал атқарды. 

«Күніне бірнеше адам көз жұмған сәттер де болды. Олег Николаевич ерікті түрде үйінен ауруханаға келіп, жұмыс орнында 12 сағаттан астам тұрып, пациенттердің өмірін сақтап қалды. Адамдардың қайғы-қасіреті мен өлімді көріп, дәрігердің өзі де психологиялық күйзеліске түсті. Салдарынан өз ағзасының қорғаныш қасиеттері төмендеді. Оның жеке ерлігі, баға жетпес қызметі мен еңбегі медицина қызметкерлері үшін әрдайым үлгі болады. Олег Исаев пандемиямен күресте адамдардың өмірін сақтай отырып, өз өмірін берді», - дейді әріптестері.