"Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында бокстан 64 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін қазақ боксшысы Абылайхан Жүсіпов өзінің алғашқы жекпе-жегінде жеңіліс тапты", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі.
Сарапшылар мен қалың көрермен бұл кездесуді алдын ала "екі жастың текетіресі", "екі мықтының жекпе-жегі" деп атаған. Өйткені Абылайхан 1997 жылы дүниеге келген болса, оның қарсыласы Пэт Маккормак - 1995 жылғы өрен. Жекпе-жек маңыздылығы жағынан үлкен мәнге ие болған. Себебі осы жұп жеңімпазының кубалық тәжірибелі боксшы Ясниер Толедо Лопеспен кездесетіні белгілі еді.
Отандасымыз үш раундқа созылған тартысты бәсекеде Ұлыбританиядан келген Пэтт Маккормакқа 1-2 (27:30, 29:28, 27:30) есебімен есе жіберді.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Олимпиада ойындарына алғаш рет толық құрамда барған еді. Өкінішке орай, Берік Әбдірахманов пен Біржан Жақыпов бастапқы бәсекелерінде жеңіліп жарыстан шығып қалды.Ал Василий Левит жартылай финалға жолдама алған болатын. Сондай-ақ бүгін Қайрат Ералиев 2013 жылғы әлем чемпионы Джавид Челебиевті ұтты.
Ұлт порталы