«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өз қызметінен бас тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті әріптестер, осыдан 8 жыл бұрын Атамекенді өздеріңізбен бірге құрдық. Мақсат – кәсіпкерлердің басын қосып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығару» еді. Ең бастысы билік пен бизнестің арасында «алтын көпір болу. Әрине, ұлттық палатаның қызметіне қатысты сын айтылып жатыр. Оны жасырмаймыз және сыннан қашпаймыз», - деді Абылай Мырзахметов «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезінде.
Оның айтуынша, палатаның басты міндеті елде кәсіпкерлікті дамыту, кәсіп ашамын деген жандарға мүмкіндік беру.
«Өңірлерді аралап, қолдан келгенше өздеріңізбен бірге іс-әрекет еттік. Бүгінгі жиында пікірлер ашық айтылып жатыр. Ойларыңыз бен мәселелерді еркін көтеріп жатырсыздар. Бұл палатаның аяқтан тұрғанын білдіреді. Қазіргі елдегі жағдай баршаңызға мәлім. Соңғы 1 айдың ішінде өміріміз айтарлықтай өзгерді. Жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Ал кәсіпкерлер жаңа Қазақстанды дамытудағы негізгі күш. Мемлекет басшысы да кәсіпкерлерге үлкен үміт артып отыр. Мен бүгінгі кезектен тыс съездің алдында басқарма төрағасы ретінде құзыретімді тапсыратынымды айтқым келіп отыр», - дейді ол.
Айта кетейік, елордада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезі өтіп жатыр.