28 там, 2019 сағат 13:51

"Абу-Даби Плаза" қашан пайдаланылуға берілетіні белгілі болды

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков БАӘ Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянмен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Кездесу барысында алдағы уақытқа жоспарланған іс-шаралар мен жоғары деңгейдегі сапарларға қатысты мәселелер талқыланды. Оның ішінде Әбу-Дабиде қыркүйек айында өтетін Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысын өткізудің, сондай-ақ әріптестікті одан әрі арттыру жолдарын іздестірудің маңыздылығы атап өтілді. Елші қазақстандық тараптың инвестициялар саласында өзара қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін қайта растады. Осы ретте, Атырау облысындағы полиэтилен өндіру кешені жобасының қазіргі жағдайы талқыланды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Әбу-Даби Плаза» кешенінің Елорда күнін тойлау қарсаңында ресми ашылып, қолданысқа берілуі екі ел үшін ауқымды тарихи оқиғалардың бірі болатыны айтылды», - делінген ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпаратында.

Сонымен қатар, тараптар мәдени-гуманитарлық және білім саласындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өткен.

Осыған орай, қазақстандық Елші биыл Нұр-Сұлтан қаласындағы №84 мектеп-лицейінде шейх Фатима бинт Мубарак атындағы араб тілін оқыту орталығының ашылғанына және Қазақстанның үздік оқушыларына Әмірліктер жоғары оқу орындарына грант бөлгені үшін алғысын білдірді.