Абай еңбектерін кемінде 10 тілге аударуымыз керек. Бұл туралы бүгін Абайдың 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келесі жылы біздің алдымызда үлкен тарихи, мәдени маңызы бар шаралар тұр. Біздің міндетіміз - оны өз деңгейінде өткізіп, еліміздің, ұлтымыздың тағы да бір рет абыройын, беделін дүниежүзіне таныту. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет барлық мемлекеттік органдармен бірігіп, жалпы республикалық жоспардың жобасын әзірледі. Қазіргі таңда бұл жоспар барлық мемлекеттік органдармен келісілді. Осы жоспарға сәйкес, барлық елді мекендерде, аудан, облыс орталықтарында, елордада, республикалық, халықаралық деңгейде ең кемінде 500-ден астам іс-шара өтуі керек. Ең негізі мақсатымыз - осы іс-шараларға әсіресе жастарды тарту. Оған қосымша мерейтойларды халықаралық деңгейде өткізу үшін біз қазір ЮНЕСКО, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымдарымен жұмыс жасап жатырмыз. Қазір барлығымен келісім бар. Әрине, негізгі іс-шаралар ШҚО-ның Семей өңірінде өтеді», - деді Б.Сапарбаев.
Оның атап өтуінше, комиссия мүшелері Қарауыл, Жидебайда болған. Сол жерде мамандармен болған кездесуде Жидебайдағы музейді, қорықты, мовзолейді қалпына келтіру мәселелері талқыланған. Ақшоқы, Кеңгірбайда, Құнанбай, Абай жерленген жерлерде қандай құрылымдар, қандай іс-шаралар өтуі тиістігі ақылға салынған.
«Абай Құнанбайұлы шығармаларын кітап қылып шығару, деректі фильмдер түсіру сынды жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Біз кем дегенде ұлы ақынның еңбектерін 10 тілге аударуымыз керек. Одан кейінгі ЮНЕСКО төңірегіндегі шара Париж қаласында жоспар бойынша қараша айында өтетін болады. Бізбен қарым-қатынасы жақсы мемлекеттерде Абайтану орталығын ашу жөнінен жұмыс жүргізіліп жатыр, Елшіліктермен келісім бар. Бұл орайдағы негізгі жұмыс Нұр-Сұлтандағы Л.Гумилев атыдағы Еуразия ұлттық университеті аясында жүргізілетін болады», - деді вице-премьер.
Сонымен қатар, ол Абайдың 175 жылдық мерейтойына қанша қаражат жұмсалатындығын да айтты.
«Республикалық бюджеттен 3,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп отыр. Қалғанын жұмыс кезінде көреміз. Бұған қоса Даниал Кенжетайұлымен (ШҚО әкімі Ахметов - авт.) келістік. Сол өңірден шыққан қалталы азаматтар, сол өңірде жұмыс істеп жатқан үлкен компаниялар бар. Біз сол демеушілердің де қаржылай мүмкіндігін пайдаланып, қосымша қаржы көздерін табамыз деп жоспарлап отырмыз», - деді ол.